«Қазақстан дауысы» музыкалық байқауының екінші маусымына кастинг жарияланды

«Қазақстан дауысы» музыкалық байқауының екінші маусымына кастинг жарияланды

«Қазақстан дауысы» музыкалық байқауының екінші маусымы басталады деп хабарлайды massaget.kz тілшісі. Бұл жолы қатысушыларды іріктеу тек Алматы және Астана қалаларында өтеді. Қатысушыларға басты талап: вокалдық дауыс және жасының 18-ге толғандығын растайтын куәлік.

Бұл музыкалық жоба дәстүрлі емес, эстрадалық болғандықтан, ұйымдастырушылар қатысушыларға барынша эстрадалық жанрдағы, минуссыз екі ән дайындап келуді ұсынады.

Байқау әділқазылары да өзгермеген: қатысушыларды былтырғыдай қазақ эстрада әншілері Медеу Арынбаев, Нұрлан Албан, Мәдина Сәдуақасова және Алмас Кішкенбаев іріктейтін болады.

Атышулы «Қазақстан Дауысы» музыкалық жобасының қарапайым ән байқауларынан айырмашылығы – қатысушылардың тек дауысқа ғана сүйеніп бақ сынайтындығы. Жүзден аса қатысушылардың ішінен Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кешкенбаев, Нұрлан Албан мен Медеу Арынбаев сынды қазақ эстарадасының жұлдыздары өз командасын жинайтын болады. Тыңдау сынағы кезінде жұлдызды әділқазылар алқасының мүшелері қатысушылырдың өздерін көрмей, тек дауысын естіп баға береді. Қорытындысында төрт топ алға суырылып шығатын болады. Ал финалға солардың ішінен тек төрт адам өтеді. Оларды SMS-дауыстар анықтайтын болады. Жобаға 18 жастан 45 жасқа дейінгі қатысушылар қатыса алады. Жоба «Қазақстан» телеарнасынан көрсетіледі.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр байқаудың финалына Тимур Омаров, Роза Мұқатаева, Жанғали Әбішев және Шахаризат Сейдахмет шығып, SMS-дауыс беру нәтижесі бойынша Шахаризат Сейдахмет жеңімпаз атанған болатын.

Сурет: vk.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina