Руслан Кулиманов: "Өнер жолына продюсерсіз түскім келеді"

Руслан Кулиманов: "Өнер жолына продюсерсіз түскім келеді"

Руслан Кулиманов өнерге енді ғана қадам басып отырған дарынды жас. Massaget.kz дарынды жастарға қолдау көрсетіп, алғашқы қадамдарына сәттілік тілейтін басылым. Ендеше этникалық музыкаға жаңаша дем беріп, өзіндік ерекшеліктерімен келген Руслан есімді жас дарынға кезек береміз. Жас әншімен таныс болыңыздар.

- Қайда туып өстіңіз, әншілікке қадам бастап жатыр екенсіз, қай жанрда ән айтасыз? Ұстазыңыз кім? Кандай аспаптарда ойнайсыз?

- Туған жерім Алматы қаласы. Әндерімнің жанры жайлы айтатын болсақ, тек қазақ тілінде орындаудан бөлек, әннің әуені заманауи ырғақтармен қатар ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен ерекшеленеді. Ұстазым атақты эстрада әншісі Меруерт Мүсірәлі. Ұрмалы аспаптарда ойнаймын. Тек кәсіби деңгейде емес. Болашақта қазақтың барлық аспаптарын меңгерсем деймін. 

- Неліктен продюсерсіз жұмыс жасауға бел будыңыз?

- Біріншіден, Қазақстанда әншінің шығармашылық дамуына көбірек мән беретін продюсерлердің саны жоқтың қасы. Екіншіден, продюсермен міндетті түрде келісімшартқа отыру керек. Келісімшарттың жақсы жақтары мен жаман жақтарын барлығы біледі, оны айтудың да керегі жоқ. Сол себепті әзірге жалғыз өзім ғана айналыссам деймін.    

- 1 маусымда Балалар күніне орай шара ұйымдастырғалы жатыр екенсіз. 

- Ол шаралар 1 маусымнан басталады да, жыл сайын жалғасын табады. Бұл менің көкейімде жүрген ойлар. Ал ондай шараларды ұйымдастыруға не түрткі болғанын кейін біле жатарсыздар. 

- Қазақ музыкасын дамыту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Қазақ музыкасын дамыту үшін ҚР мәдениетті дамыту саясатына өзгерістер енгізу керек шығар, я болмаса арт-менеджмент саласын дамыту керек деп ойлаймын. Кәсіби тұрғыдан ұсыныстар жасайтындай деңгейге жеткен жоқпын, бірақ қазақтың төл музыкасын дамыту мына біздің, жастардың, жас мамандардың қолында деп есептеймін. Жеке басым, қазақтың төл музыкасын дамыту басты міндетім деп санаймын.

Руслан Кулимановтың "Қайдасың" әніннің ресми тизері

Әңгімелескен: Ардақ Құлтай

А. Құлтай