«Астана кеші көңілді» бағдарламасы көрерменге сыйлық дайындауда

«Астана кеші көңілді» бағдарламасы көрерменге сыйлық дайындауда

Astana TV арнасы «Астана кеші көңілді» атты мерекелік бағдарлама ұсынады. Бұл бағдарламада “Жұлдызды караоке”, “Сіз туралы әңгіме”, “Әзіл әлемі”, “Би алаңы” сияқты айдарлар бар.

Қонақ ретінде шақырылған әнші осы айдарлар бойынша қызықты тапсырмаларды орындайды. Мәселен, “Сіз туралы әңгіме” айдарында әртіске қатысты өтірік-шыны, әзілі аралас қилы өсек жиналып, ақ-қарасы қонақтан сұралады. Ал қонақ жылдам қойылған сұраққа ойланбастан “иә” немесе “жоқ” деп қана жауап бере алады.

Ал тағы бір әншіге бір әннің мәтіні әзілмен өзгертіліп беріледі. Ән мәтіні суреттер, видеомен әрленіп, LED-экран арқылы көрсетіледі. Қонақ сол әнді достарымен бірге “Жұлдызды караоке” айдарында шырқап беруі керек. 

Әр шығарылым сайын еліміздегі әзіл-сықақ театрлары, КТК (КВН) топтарының миниатюралар топтамасы, скетч-көріністерінің тұсауы кесіледі. Театр, топ ұжымдары еш жерде жарық көрмеген үздік әзілдерін “Астана кеші көңілді” сахнасында көрсетпек.

«Астана кеші көңілді» Ұлыстың ұлы күні, 22 наурыз күні, кешкі сағат 21.20-да Астана арнасынан көрсетіледі. Бағдарламаның бұл шығарылымына Айнұр Тұрсынбаева, Нұрғали Нүсіпжанов («Құстар»), Бүркіт пен Аиша («Мекенім Қазақстан»), Нұрлан Абдуллин («Ауылым-әнім») сияқты белгілі өнер адамдары мен «Дервиши» («Тойнамэ»), Акапелла Vid_MeN («Сұлу қыз») сияқты топтар қонақ болады.

Бағдарлама жүргізушілері танымал КТК (КВН) ойыншысы Нұрдәулет Шертім, көрермен көзайымына айналған Ақкенже Әлімжан және ерекше дауыс иесі әнші Жанар Дұғалова.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: Ұларісі Ибат

А. Құлтай