Backstreet Boys Парвиз Назаровпен бірігіп ән айтады

Backstreet Boys Парвиз Назаровпен бірігіп ән айтады

Қазақстандық әнші, композитор Парвиз Назаров атақты Backstreet Boys тобымен бірігіп түсірілетін бейнеклипке дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы "Экспресс-К" хабарлады.

Парвиз Назаров әлеуметтік желілердің бірінде Backstreet Boys тобының бір мүшесімен хат алмасу арқылы танысып, олардың Show ‘Em (What You’re Made Of) әнін қайта орындап шығуға ресми рұқсат сұрайды. Назаров туындыны «Мир, любовь и жизнь» деген атпен аударып, өз нұсқасын ұсынған. Өз кезегінде Backstreet Boys жігіттері ағылшын және орыс тілінде қатар орындалатын әннің дыбысы мен музыкасын қазақстандық әншіге жіберген.

Трек пен бейнеклип түсіріліміне Парвиз Назаровпен бірге оның ұлы Тимур, сонымен қатар, Арни мен Рико есімді жас музыканттар да қатыстырылатын болады. «Бейнеклип өте қарапайым. Ән айтушылар қара фонда бір-бірін алмастырып, кезек-кезігімен шығып отырады. Брайан мен Эй Джей кадрде кеудесін жалаңаштап түссе, топтың басқа мүшелері футболкамен түсетін болады. Маған және жанымдағы жігіттерге дәл осылай түсу аса қиынға соқпас деп ойлаймын. Кейін бәрін үйлестіріп, жақсы бейнеклип жасаймын», - дейді Парвиз Назаров.

Парвиз Назаров Backstreet Boys тобының жігіттерімен танысқанына, олармен шығармашылық байланыс орнатқанына қуанышты екенін жасырмады. «Бір қуанатыным, менің өз идеямды түсіндіре алғандығым. Олар біз жіберген әуеннің орысша үлгісін тыңдап, сөздерін аса түсінбесе де, дыбысты ұнатқандарын айтты. Бір айдан кейін бірлескен бейнеклип дайын болады деп ойлаймын», - деді Парвиз Назаров.

Сурет: facebook.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina