Бүгін "Кинопарк" кинотеатрында ерекше сеанс өтті

Бүгін "Кинопарк" кинотеатрында ерекше сеанс өтті

Бүгін Алматыда «Кинопарк 11» кинотеатрында «Баршаға ортақ өнер» атты жобаның шеңберінде тифло-түсініктемесі бар тұңғыш фильм көрсетілді.

Зағип және көзі нашар көретіндерге арналған "Құрылысшылар" көркем фильмінің көрсетілімін өткізу "Kinopark Multiplex Cinemas" қолдау көрсетуімен "Аржан" қоғамдық қоры және Роза Люксембург қорының Мәскеудегі филиалымен бірлесе отырып "Баршаға ортақ өнер" жобасын жүзеге асыруының арқасында мүмкін болды. Көрсетілімге мүмкіндігі шектеулі жандар, фильмді шығарушылар, киноөнер, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Тифло-түсініктеме - зағип және көзі нашар көретін адамдарға фильм немесе телевизиялық бағдарлама туралы толығырақ түсінік алуға мүмкіндік беретін кадр сыртынан видеоқатарды суреттейтін тәсіл. Қазақстанда бұл – осы бағыттағы тұңғыш жоба.


Көрсетілім алдындағы пресс-конференцияда сөз алған «Аржан» қоғамдық қорының атқарушы директоры Қасиет Омарова осы жобаның мақсатымен таныстырып, «Аржан» қоғамдық қорының осы жоба шеңберінде атқарған қызметтері жайлы айтып өтті. Ал «Республикалық зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапхананың» директоры Балғожина Гүлбаршын Рахымберліқызы тифло-түсініктеменің маңыздылығы мен зағип жандар өміріндегі рөлі жайлы сөз қозғады. Аталған фильмнің режиссері Әділхан Ержанов болса, ұйымдастырушыларына өзінің фильмін таңдағандары үшін өзінің алғысын білдіре отырып, тифло-түсініктеме мен дубляжды салыстырып, түсіндіріп өтті.  Әнші, музыкант Ержан Дүйсенбиев «Аржан» мен «Роза Люксембург» қорларына зағип және көзі нашар көретін адамдардың атынан алғысын айтып, бүгінгі жобаның ары қарай өркендеп, өсуіне тілек білдірді.



Режиссер тифло-түсініктеменің болашағы бар екенін айтып, өз кезегінде, тифло-түсініктемеге арналған сценарийді жазуда мұқият болу керек болғанын айтты. Яғни, сипаттама қызықты болуы қажет. Қасиет Омарова Әділханның дайын «Құрылысшылар» фильміне тифло-түсініктеме жасалғанын айтты. Сонымен қатар, осы жобаға мемлекеттің тарапынан қолдау күтетінін айтып, еліміздің барлық театрында, кинотеатрларында, мұражайларында, спектакльдер мен қойылымдарға тифло-түсініктемелерді жасау қажеттілігі жайлы ашық үндеу жолдады.

Бұл жоба мүгедек адамдарды мәдени ортаға әлеуметтендіруге көмектесетіні сөзсіз. Жобаның жетекшілеріне сәттілік тілейміз!

Оқи отырыңыз:

Қазақ тіліндегі "Галактика сақшылары" фильмін кімдер дыбыстады? (Видео)

Жуырда кинотеатрларға «Дракула» атты фильм шығады

«Лабиринттегі жүгіруші» фильмі жайлы бірер сөз

Арнайы Massaget.kz үшін: Фариза Әбілова, Жолдас Өрісбаев

Сурет: Massaget.kz

Ф. Абилова