«Еуразия» кинофестивалінің ең үздік киносы - «Оның жанында»

«Еуразия»  кинофестивалінің ең үздік киносы - «Оның жанында»

Қыркүйектің 19-жұлдызында Алматы қаласында «Еуразия» халықаралық кинофестивалі өз мәресіне жетті. Биыл оныншы рет өткізіліп отырған фестивальдің жабылу салтанаты Республика Сарайында өтіп, кино әлемінің белді өкілдері отыз елдің атынан қатысқан 12 фильмді марапаттау рәсіміне қатысты. 

Оныншы фестиваль қазақ кино өнерінің майталманы Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойының қарсаңында өтті. Фестивальдің жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген, аты аңызға айналған Асанәлі Әшімов, «Оскар» сыйлығының екі мәрте жүлдегері Коста-Гаврас, ресейлік кино жұлдыздар Александр Панкратов-Черный, Ивар Калныньш и Александр Тютин, режиссер Чак Рассел және басқа да қазақстандық жұлдыздар келді.

Фестивальдің Гран-При жүлдесін израильдік режиссер Асаф Корманның «Оның жанында» атты туындысы жеңіп алды. Жеңімпаздың жүлдесін Асанәлі Әшімов табыстады.

Бұдан бөлек бірнеше аталымдар бойынша фестиваль қатысушылары арнайы мүсін мен ақшалай сыйлықтармен марапатталды:

Әділқазылардың арнайы жүлдесі: «Дала үні» (Қазақстан), режиссерлері: Ермек Шынарбаев, Жерар Депардье. Жүлде фильмнің продюсері Гүлнар Сәрсеноваға табысталды.

Ең үздік режиссура: «Сәйгүліктер мен адамдар жайлы» (Исландия, Германия, Норвегия) - режиссері Бенедикт Эрлингссон.

Ең үздік әйел рөлі: «Жұлдыз» (Ресей) – актриса Тинатин Далакишвили.

Ең үздік ер адам рөлі: «Мандариндер» (Грузия – Эстония) – фильмнің актерлік құрамы: Лембит Ульфсак, Михаил Месхи, Георгий  Накашидзе және Элмо Нюганен; режиссері – Заза Урушадзе.


ФИПРЕССИ қазыларының жүлдесі: «Оқиға» (Қазақстан) – режиссері Нариман Түребаев.

НЕТПАК қазыларының жүлдесі: «Оқиға» (Қазақстан) – режиссері Нариман Түребаев.

Коста-Гаврас  әлемдік кино өнерінің дамуына үлес қосқаны үшін арнайы сыйлықпен марапатталды.

«Еуразия» кинофестивалінің әлемдік деңгейге көтеріліп, танымал болуына атсалысқаны үшін Euronews арнасының тілшісі Вольфганг Спиндлер де марапатталды.

Мерекелік салтанаттың соңында жеңімпаз фильм көрермендерге ұсынылды.

Дайындағандар: Назерке Смағұл, Нұрбол Нұрмаханұлы

Сурет: ©Massaget.kz

Y. Smaghul