Басқалар өрттен қашқанда

Басқалар өрттен қашқанда

16 тамыз күні Алматыдағы Сары-Арқа кинотеатрында «Ұшақтар: от және су» мультфильмінің алдын-ала көрсетілімі ұйымдастырылды. Тұсаукесерге мультфильм демеушілері «Air Astana», «Sсat» әуе компанияларының қызметкерлері, БАҚ өкілдері арнайы шақыртылған еді. Шараға Массагет сайтының тілшілері де барып қайтқан  болатын. Бүгін сөз болып отырған туындыдан алған әсеріміз туралы сөз қозғамақпыз.

Түпнұсқа атауы «Planes: fire and rescue» деп аталатын мультфильмді орысша «Самолеты: огонь и вода» деп аударыпты. Мультфильмнің ұраны: «Басқалар өрттен қашқанда, сен алаудың ішіне енуге тиіссің».

Фильм басталғанда «Көліктердің» әуедегі нұсқасы ма деген ой келді (негізінде солай екен). Көліктердің түрлері де сол мультфильм кейіпкерлеріне ұқсайды. Анықтап қарап отырсаңыз, фильмдегі газеттердің бірінен Найзағай Маккуинді де байқауға болады. Басты кейіпкер Дастидің де туған жері Маккуиндікіндей шағын ғана қалашық. 

Дастидің қозғалтқышындағы ақау оның спортпен қоштасуына себепкер болды. Сондықтан, ол енді басқа мамандық иесі болуды жоспарлайды. Бірақ бұны игеру жолында бірнеше кедергілер болды. Дасти келіп қосылған өрт сөндіру командасының әрбір мүшесінің өз оқиғасы бар, әрқайсысы бұған дейін басқа маман иесі болған. Олардың ішіндегі Плюшка Дастидің жанкүйері және оған үнемі қамқор болып, қарайласып жүреді. 

Мультфильмде өзінің ерекше мінезімен есте қалатын жағымды кейіпкерлер көп. Сонымен қатар, әр фильмде кертартпа кейіпкердің болатыны анық. Мұнда да солардың біреуі бар. Ол осы өрт сөндірушілердің «үстінен» қарайтын, Piston ұлттық саябағының бюджетін жымқырып жүрген Кэд Спиннер. Өрт сөндіруге де өз кесірін тигізді біраз.

Сырт көзге қатал көрінгенмен, Дастиге қамқор боп жүрген Рейнджердің ерлігі, «Әр ұшақ есепте» деп, Дастидің өрт сөндірудегі дебютіне себепкер болған үлкен жасыл ұшақ Ветродуй, өрттен қорықпайтын десанттар, үлкен ұшақ Экспресс және Дастиге екінші өмір сыйлаған Мару – мейірімділіктерімен есте қалған қайталанбас образдар.

Бір жақсысы – ешқандай зұлымдық (Кэдтен басқа, әрине), сатқындық, көңіл қалу деген жағымсыз эмоциялар жоқ. Мультфильм авторлары сценарийді бұған дейін апармапты, керісінше, олардың арасындағы достық деген сезімнің беріктігін көрсетті. Басқалар қиналғанда, көмекке келетіндер әлі де бар екенін осы кейіпкерлер арқылы жеткізді. Кэд Спиннердің образы атақ пен ақшақұмар бастықтарды еске түсіреді.

Фильмнің анимациялық эффектілері, табиғат көріністері, оқиға желісі – бәрі ұнады.  Мультфильм тым қысқа да, ұзақ та емес, 83 минутыңызды қиып, балаларыңызбен бірге баруға әбден тұрарлық. Есесіне, сіздің де көңіліңіздің көтеріңкі, бүлдіршіндеріңіздің де мәз болары анық.

Осындай мультфильмдерді қазақ тіліне көптеп аудара берсе екен деген тілегім болды ішімнен, себебі, көрсетілімге дейін ойнатқан ойындарының бәрі орысша өтті, қазақ балаларының бәрі ата-анасымен бірге орысша сайрап жүр...

Автор: Назерке Смағұл

Сурет: massaget.kz, blogs.disney.com, facebook.com/DisneyRussia

Y. Smaghul