"Галактика сақшыларын" отандық жұлдыздар да тамашалады

"Галактика сақшыларын" отандық жұлдыздар да тамашалады

Күні кеше отындық кинотеатрлардан «Галактика сақшылары» фильмінің премьерасы екі тілде көрсетілді. Көрсетілім басында Астана қаласынан арнайы ұшып келген "Нұр Отан" партиясының бірінші орынбасары, Болашақ қауымдастығы кеңесінің төрағасы, фильмдерді қазақ тіліне дубляждау жөніндегі жоба бастамашысы Байбек Бауыржан Қыдырғалиұлы құттықтау сөз сөйледі: «Елбасының сындарлы саясатының арқасында біздің жастарымыз шетелде білім алып елге оралғанда дәл осындай мемлекеттік емес ұйым құрды. Осы ұйым өзіне 10 000-нан астам жасты біріктіреді. Елбасымыздың тапсырмасы бойынша, 2025 жылға дейін қазақстандықтардың 95%-ы таза қазақ тілінде сөйлеуі тиіс. Ал ол үшін біз ешкімді тіліне, дініне, ұлтына қарап бөлмей, өзіміздің тілімізді, дәстүрлерімізді үйретуіміз керек. Тіл – ол біздің рухымыз. Күндердің күнінде мұнай мен газ таусылса да, біздің рухымыз мәңгілік сақталуы тиіс. Біздің ұранымыз – «Өзіңнен баста!». Сондықтан әлемді өзгертуді өзімізден бастайық».


«Walt Disney» компаясымен келісімшартқа отыру туралы бастаманы алға тартқан Вадим Голенко болатын.

Бүгіндері тілімізді дамыту үшін түрлі шаралар жасалуда. Сол шаралардың нәтижесінде соңғы 8 жылдың ішінде тек қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалардың саны 4 есе өскен. Ал мектепке баратын 2 000 000 оқушының 1,6 миллионы таза қазақ тілінде білім алуда.


Аталған фильмді түсіру үшін 200 миллион доллар қаражат жұмсалған.

Фильмнің алғашқы көрсетіліміне Гүлназ Әуесбаева, Мақпал Исабекова, Әлия Телебарысова, Алмас Кішкенбаев, Еркебұлан Мырзабек, Марат Оралғазин, Данияр Өтеген, Аян Бірбаев сынды жастар да қатысып, әсерлерімен бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мақпал Исабекова «Батыл жүрек» мультфильміндегі өлеңді орындаған болатын.


Данияр Өтеген: «Алғашында фильм қазақ тілінде деген кезде, тым әдеби бола ма деп қорықтым. Бірақ ауызекі тіл мен сленг қолданылғандықтан, фильм өте күлкілі шықты. Осыған дейін көбінесе орыс тіліндегі фильмдерді көріп жүрсек те, еш айырмашылығы болмады. Арасындағы ауыспалы және тура мағынасындағы қалжыңдарды да өте сапалы аударған. Болашақта әлі талай фильм қазақ тіліне аударылады деген үміттемін».


Аян Бірбаев: «Бала кезімде Менің атым Қожа фильмін сүйіп көретінмін. Ал «Галактика сақшылары» - соңғы 10-15 жылда қазақ тілінде көріп отырған алғашқы фильмім. Ана тілімдегі фильм көңілімнен шықты», - дейді.


Шетел фильмдерін ана тілімізге дубляждау жобасы Болашақ қауымдастығы және Marwin компаниясымен 2011 жылдан бері жүзеге асырылуда.


Аталған жобада 4 жылдың ішінде 9 картина аударылды. Жоба "Нұр Отан" партиясының қолдауымен жүзеге асырылуды. Мұнымен қатар «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі демеушілік көрсетуде.

Арнайы Massaget.kz үшін: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: Нұрлан Биімбетов, мassaget.kz 

Қ. Бүйенбай