Тұзды кофе

Тұзды кофе

Бір күні ол екеуі танысты, білісті. Жігіт қызды кофе ішуге шақырды. Олар кофеханаға келді, жігіт қатты әсерленді, бірақ, қызға рақмет деген бір ауыз сөз де айта алмады. Тіпті кейде қызды ыңғайсыз жағдайға қалдырып та қойды. Қыз кетуге ыңғайлана бастағанын сезген жігіт күтушіге тұз әкеліп беруін өтінді. Елдің бәрі жігітке аң-таң болып қарасты. Жігіт тұзды кофеге салып, іше бастады. «Қызық жан екенсің, кофеге тұз салып ішген адамды бірінші рет көруім» дейді қыз таң-тамаша болып. Жігіт:«Үйім теңіз жағасында болатын. Кішкентай кезімнен сол теңіз суының дәмін татып, ержеттім. Әр рет кофеге тұз салып ішсем ,балалық шағымды, теңіз жағасындағы жұпыны үйімді сағынам» деп әңгімесін бастады. Қыз әсерленді, әрі тартынбай онымен әңгімелесе бастады. Қыз бұл күнде туған жерін, ата-анасын, туған-туысқанын есіне алып, сағынатын мейірімді жігіттерді табу қиын. Мұндай ішкі сырын жасырмай айта алатын адам опалы болар деп ойлады... Осылайша екеуі кеңінен сыр шертісті. Ауылды айтысты, ауылдағы қызықтарды айтысты. Сол күннен бастап, екеуі үнемі кездесіп тұрды. Көп өтпей, той жасады. Олар бір-бірін құрметтеді, аялады. Әйелі қай уақыт болмасын, күйеуіне бір қасық тұз салып, кофе дайындап беретін. Қырық жыл уақыт зымырап өте шықты. Ол көз жұмар алдында кемпіріне хат беріп, әрі оны өзі өлген соң оқуын тапсырды. «Сүйіктім, алдыңда кінәлімін! Бақытты тұрмысымызды бір ауыз жалған сөзбен жасағандығым үшін кешір. Өмірімде сені «тұзды кофемен» бір-ақ рет алдадым. Тұңғыш кездесуіміз есіңде ме? Сонда мен сасқалақтап қант деп айтамын деп тұз деп салыппын. Алмастырып алудан ұялып, саған өтірік әңгіме құрастырып айттым. Шынымды айтсам, тұзды кофені суқаным сүймейді. Кейін саған шынымды айтудан қорықтым. Айырылып қалудан қорықтым. Өтірік айтқаным үшін сен мені тастап кетіп қала ма деп алаңдадым. Сенімен бірге өту қандай бақыт, сол тұзды кофеге рақмет айтамын. Бақытты ғұмыр сыйлаған сол кофеге қарыздармын. Бұл өмірге қайта келер болсам және де сенімен жұбай болып өтер едім, әрі мәңгі сенен айырылмас едім! Өмір бойы тұзды кофе ішіп өттім. Өтуге де ризамын!». Кемпірдің көз жасы шалының өсиет хатын жасқа шылап жіберді. Күндердің бірінде немерелері қариядан: «Атамның тұзды кофесі қандай еді?» деп сұрайтын. Қарт әженің көздері жасқа толып: «Дәмді болатын» дейтін еді.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: gdcct.com

M. Auelkhan