"Жаман боладының" мәні

"Жаман боладының" мәні
Фото: Әлібек Оразбай

Қазақы наным-түсінік оның тұрмыс-тіршілігі, өмір-салтымен етене байланысып жатыр. Бүгін назарларыңызға ата-анамыз бен ауылдың үлкен ақсақалдары үнемі айтып жүретін "Жаман болады" жайлы қазақтың тыйымдарын ұсынамыз. "Жаман боладының" астарында не жатқанын білгіңіз келсе, назар аударыңыз.

* Белді таянбайды. Себебі жақын адамы қайтыс болғанда жоқтау айтып жылаған әйел ғана белін таянады.

* Жер таянып отырмайды. Жақынынан айрылған адам ғана жер таянады.

* Бетті басуға болмайды. Қайғы-қасіреттен қажыған адам ғана бетін басады.

* Қолды тарақтауға, артқа қусырып жүруге болмайды. Бұл- қолы байланған тұтқынды еске салатын жаман ырым.

* Белді босқа буынбайды. Өмірінде  перзент көрмеген адам ғана белін босқа буынады.

* Тізені, табанды тартуға болмайды. Ауруға шалдыққанда ғана тізе мен табанды тартады.

* Жақты таянбайды. Қайғы-қасіреттен әбден жалыққан адам ғана жағын таянып демеу етеді.

* Тізені құшақтамайды. Бұл- «ұрпақсыз қалдым», «қу тіземнен басқа құшақтар қалмады» деген жаман ырымды білдіреді.

* Жуған қолды сілкісе, ырыс-несібе кетеді.

* Адамға қаратып қолды шошайту әдепсіздік болады.

* Саусақты, қолды орынсыз ауызға салуға болмайды. Бұл да әдепсіздік белгісі.

* Екі қолды төбеге қойып отыруға  болмайды. Басына қайғы-қасірет түскен адам ғана екі қолын төбесіне қойып отырады.

* Аяқ-қолды жіппен байлауға болмайды. Себебі бұл қол-аяғы байланған тұтқынды еске салады.

* Басты шайқауға, тісті қайрай беруге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана осылай істейді.

* Таңдай қағуға болмайды. Үй ішінде таңдай қаға беру-жаманшылық (өлім-жітім) шақыру белгісі.

* Біреуге қарап ерін шығаруға, үлкен адам алдында аяқты созып отыруға, адамға қарап түшкіруге, үлкен кісінің жолын кесіп өтуге болмайды. Бұл қылықтардың бәрі әдепсіздік болып саналады.

* Кісіге қарап бейберекет күлуге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана бейберекет күле береді.

* Адамға қарап керілмейді, бұл да әдепсіздік болып саналады.

* Жатқан кісінің үстінен аттамайды.

*  Ішекті тартуға болмайды. Жаманшылық шақыру белгісі болып саналады.

* Тырнақты тістесе, ырыс-несібе кетеді.

* Тырнақ пен бастың шашын бейсенбі мен жұмадан басқа күнде алады.

* Сейсенбі күні үлкен жұмысқа кіріспейді. Жаңа мекенге көшпейді, жолға шықпайды, тіпті малды да санамайды. Түнгі қонаққа мал сойылмайды. Қазақ халқында сәрсенбі сәтті күн есептеледі. Сондықтан барлық істі сәрсенбі күні бастайды.

* Түнде айнаға қарамайды. Адам түнде айнаға қараса, қатты шошынуы мүмкін.

* Итті, мысықты тебуге болмайды. Өйткені әрбір жан-жануардың киесі болады.

* Ер адам төрге қарап жүрелеп отырмайды. Өйткені ол қырық адамның жолын бөгейді. Егер әйел жүрелеп отырса, онда қырық адамның жолын оңғарады.

* Ауылға атпен шауып келуге, жүгіріп үйге кіруге болмайды. Бұл адам шығынының жаман хабары деген жаман ырымға саналады. Егер сүйінші хабар болса, шауып келуге болады, бірақ «сүйінші!» деп айғайлап келу керек.

* Қайғылы, қазалы хабарды естірткенде немесе жаназаға шақырғанда атпен шауып келіп, шеткі үйге ғана хабарлайды. Ол үйдің иесі басқаларға хабарлауға тиіс.

* Кісі ақысын жеуге болмайды. Кісі ақысын жеген адам о дүниеге барғанда тозаққа барады.

* Жақын адамға мысық берсе, аралары суып кетеді.

* Құлаған үйдің, мал қораның ішінде адам дәретке отырмайды, киесі ұрады.

* Тырнақ пен шашты баспайды, отқа тастамайды, оларды адам баспайтын жерге көмеді.

* Кірдің суын басуға болмайды. Жаманшылық кірдің суымен кетеді. Оны басу сол жаманшылықты үйге әкелумен бірдей.

* Басты маңдайдан бастап жуады. Өйткені жақсылықтың бәрі адам маңдайына жазылады.

* Бейіт тұсынан шауып өтуге,  бейітке қарап қолды шошайтуға, оған қарап түзге отыруға болмайды. Бұл - қайғы-қасірет шақыратын жаман ырым.

* Таяққа сүйенуге болмайды. Өйткені жақыны қайтыс болған ер адам ғана таяққа сүйенген.

* Дәретханаға кіргенде сөйлеуге, күлуге болмайды. Дәретханаға сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу керек. Бойымдағы ауыртпалық дәретханада қалсын деп, сол аяқпен, жақсылықтың бәрі алдымнан шықсын деп оң аяқпен шығу керек.

Түнде суға бармайды. Барған күндеде  «Су иесі Сүлеймен, су алуға рұқсат бер» деп суға үш рет кесек лақтырып барып алған жөн. 

M. Auelkhan