Селфи сәтті шықсын десеңіз...

Селфи сәтті шықсын десеңіз...
Фото: pixabay.com

Селфидің сәнге айналғанына да біраз уақыттың жүзі болды. Әлі де трендте деп айта аламыз. Себебі қолда сапалы сурет түсіре алатын смартфон барда, неге селфи жасамасқа? Олай болса, суретке түсейік. 

Сурет сәтті шығу үшін түрлі қылықтар жасап, қаншама рет қайталап түсуге уақыт табылса қанекей? Ал бір селфи үшін басыңды қатерге тігу деген... ол енді ақылға қонымсыз дүние. Одан да өз кескін-келбетіңе баса мән беріп, қалай суретке түскенде сәтті шығатыны жайлы интернеттен кеңес іздеген тиімдірек. 

Шын мәнінде макияж және түрлі өңдеу құралдарының көмегіне жүгінбей-ақ сәтті селфи жасауға болады. Ол үшін бастысы қай қырыңнан түскен әдемі көрінетінін білсеңіз болғаны. Бұл енді беттің пішініне байланысты. 

Бет пішіміңіз ат жақты болса, онда бетіңізді қақ алдынан түсірмеңіз, иегіңізді қатты көтермегеніңіз жөн. Бір жағыңызға қарап, басыңызды бұрып жымисаңыз суретіңіз сәтті шығады. 

Егер сіздің иегіңіз сүйір, маңдайыңыз кең болса, онда сіз бұрылып, басыңызды сәл төмен иіп суретке түскеніңіз жөн. Әдеттегіден әлдеқайда сәтті шығады. Жымия түсуді де ұмытпаңыз. Сіздің күлкіңіз суретті одан де әрлендіре түседі.

Бет келбетіңіз сопақтау, маңдайыңыз жазық болса қақ алдыңыздан селфи жасамаңыз. Бір иығыңызбен бұрылып, басыңызды сәл артқа шалқайтып суретке түссеңіз сәтті шығады. Маңдайыңыздың жазық екенін жасырады.

Егер сіз дөңгелекжүзді болсаңыз, иегіңізді жоғары көтеріп түспеуге тырысыңыз. Керісінше басыңызды сәл төмен иіп суретке түссеңіз сәтті шығады.

Суретке түскенде жарыққа да мән беріңіз. Себебі жарықтың жақсы түсуі - суреттің сәтті шығуына бір себепші. Жарық кей тұста беттегі әжімді де жасырып қалады.

Селфи (ағыл. Selfie – өзі; өзім) – фотокамера арқылы өзіңді-өзің суретке түсіру. Бұл сөз термин ретінде 2000 жылдың аяқ жағында пайда болып, 2010 жылдың бастапқы кезеңінде кең таралды. Оның тез қанат жайып, сіңісіп кетуіне ұялы телефонның фотоаппарат құрылғысы түрткі болды десек қателеспейміз. 2012 жылы Time журналы "селфи" сөзін " 10 заманауи тіркеске" жатқызған.
Н. Үсенова