Интернет-сауданың қауіпсіз жолдары

Интернет-сауданың қауіпсіз жолдары
Фото: progress.online

Интернет арқылы онлайн-сауда дамып жатқан заманда онымен айналысатын алаяқтар да көбейіп кетті. 2014 жылы хакерлер әлемдегі ең ірі интернет-аукцион «eBay»-дің мәліметтер базасына бұзып кіріп, пайдаланушылардың электронды поштасын, мекенжайын, телефон нөмірлерін, құпия сан және басқа да мәліметтерін ұрлап алған. Соның кесірінен 145 миллион тұтынушы зардап шеккен. Өткен жылы «Target» компаниясының 40 миллион тұтынушысының мәліметтері ұрланған. Міне, осындай жағдаяттарды ескере отырып, қылмыскердің оңай олжасына айналмаудың жолдарын қарастырдық.

Ғаламтор-дүкені жайлы пікірлерді оқыңыз

Егер сізді қызықтырған ғаламтор-дүкені алаяқтарға тиісті болса, алданған тұтынушы міндетті түрде ол жайында пікір қалдырады. Пікірлер жоқ болса, онда дүкеннің мекенжайы мен телефон нөміріне мұқият болыңыз. Қоңырау шалып, сөйлесіп көріңіз.

Әлеуметтік желілер арқылы тіркелмеңіз

Әлеуметтік желі – алаяқтар үшін өз олжасы туралы мәлімет беруші база. «Facebook» профиліңізге кіріп, шектеуді білдіретін құлып салып қойыңыз. Ғаламтор-дүкендерінің кіруіне рұқсат бермеңіз.

Құпия сөзді жиі ауыстырып отырыңыз

Әр сервис үшін әртүрлі пароль ойлап табу оңай емес, бірақ барлық жерде (әлеуметтік желі, электронды пошта, ғаламтор-дүкені) бір парольді пайдалану қауіпті. Оңай олжаға айналасыз. Qwerty123456 деген сияқты құпия сөзді пайдалану да жарамсыз. Құпия сөз өзіңізге маңызды есте қалатын даталар мен сөздерден құралғаны дұрыс.

Қосымша электронды пошта ашыңыз

Күнделікті қолданатын поштаңызда маңызды құжат немесе ғаламтор-банкінің қызметтері т.б. жазылған болса, онымен ғаламтор дүкеніне тіркелмегеніңіз жөн. Қосымша пошта ашсаңыз қауіпсіздеу.

Интернет-сауда үшін жеке карта ұстаңыз

Төлеу картаңызда сатып алатын затыңызға жететіндей ақшаңыз болсын. Онда артық ақша болмағаны жөн. Смс қызметі арқылы пайдаланыңыз. Ақшаны шешіп алуға шектеу (лимит) қойып алыңыз.

Веб-адресті қолдан жазыңыз

Жасанды сайттар атақты сайттарға ұқсас аттарды жиі пайдаланады. Мысалы, «amazon» мен «amaz0n» ортасындағы айырмашылық бар, екіншісі алаяқтарға тиісті сайт.

Қосылудағы қауіпсіздікке назар аударыңыз

Қауіпсіз ресурстың адрестері https әріптерімен басталады. Мұндағы s әрпі «sеcurе» – қауіпсіз дегенді білдіреді. «Ecwid» платформасы HTTPS пратоколы және SSL сертификатынан пайдалануға кеңес береді. Олар ғаламтор пайдаланушылары мен сайттар арасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Мәліметтерді Wi-Fi арқылы таратпаңыз

Егер сіз интернет-дүкендерінен зат алып жатсаңыз, қонақүйдегі, ірі сауда орындарындағы ашық «Wi-Fi» қызметін пайдаланбағаныңыз жөн. Себебі, киберқылмыскерлер үшін бұл да оңай олжа. Қоғамдық орындарда болсаңыз интернеттің құпия сөзі барын таңдағаныңыз жөн.

Нұсқаулықпен мұқият танысыңыз

Кезінде «Avito» тұтынушыларына смс жіберіліп «avito.inbox.com» ресурсына өтуге кеңес берілген. Жалған сайт кесірінен көптеген адамдар жеке мәліметтері мен ақшаларын ұрлайтын вирусты көшіріп алған.

Алдын ала төлемеңіз

Егер сатушы сіздің досыңыз немесе танысыңыз болмаса, алдын ала төлемегеніңіз абзал. Әйтпесе, сізге ештеңе жібермей қоюы да мүмкін. Төлеуден бұрын тауарыңызды ашып, мұқият тексеріп алғаныңыз жөн.

Чек пен квитанцияны сақтап қойыңыз

Егер, тауар ұнамай немесе басқа да себептермен алған затыңызды қайтарғыңыз келсе, чек арқылы дүкеннен өз құқығыңызды талап етіп, соттасуыңызға болады.

Жүйелі түрде жаңалап отырыңыз

Интернет-дүкендерімен жұмыс істейтін құрылғыларыңызға антивирус орнатуды ұмытпаңыз. Браузерлерді жаңалап отырыңыз. Себебі, программистер өз бағдарламаларын ұдайы жаңалап, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырады.

Т. Раушанұлы