Жұмыс күнін қалай өткізу керек?

Жұмыс күнін қалай өткізу керек?
Фото: rentpost.com

Аптаның әрбір күнінің 8-9 сағатында жұмыс жасайтын адамдарда шаршау, әлсіздік, енжарлық көп кездеседі. Себебі бір орында қимылдамай, монитор алдында отырудың өзі адамның еңсесін басып, қуатын алады және жалқаулыққа итермелейді. Барлық істің шешімі болатын секілді, сіз де мұндай жағдайға тап болсаңыз, төмендегі кеңестер арқылы шешімін табуға болады.

1. Таңғы уақытыңызды кофе ішумен бастаңыз. Себебі кофеин миды ұйқыға кетіретін аденозин атты затқа тосқауыл қояды. Белсенділік әлбетте адамға таңертеңгі уақытта қажет. Ал түскі уақыттан ары қарай түрлі сусындар ішуге болады. Мысалы, көк шайдың бойды жайландыратын, сергітетін қасиеті бар. Не болмаса, құрамы магнийге бай какао ішсеңіз, кешке дейін сергек жүруге көмектеседі.

2. Жұмыс арасында қажетті жерлерге массаж жасау. Жұмысқа белсенді түрде құлшына кіріссеңіз де, 2-3 сағаттан кейін қалжырай бастайсыз. Жұмысқа деген қабілеттілікті арттыру үшін алдымен орныңызға жақсылап жайғасыңыз. Сағат тілімен бет пен бастың негізгі нүктелеріне (30 секунд) массаж жасаңыз. Мәселен, мұрын аралық тұс пен қас аралығы, бұғақ асты шұңқырлар, шеке аумағы, шүйде адырларын ұқалау керек. Мұндай массаж түрін  күніне 2-3 рет қайталаған дұрыс. Сонымен қатар жалбыз, лимон, апельсин адамды сергітіп, жұмысқа деген белсенділікті, көңіл-күйді көтереді. Оларды өзіңізбен бірге алып жүрген пайдалы. Себебі оның иісі ұзақ сақталады, содан өзіңізді жақсы сезінесіз.

3. Жұмыс аралығында үзіліс жасау.  Үзілісте алма, жүзім, алмұрт жеңіз, себебі олар ми жұмысын жақсы атқарады. Ал кептірілген жемістер зейін қоюды жақсартады. Үрмебұршақ, теңіз балығы, жаңғақ пен ботқалар есте сақтау қызметін жеңілдетеді.

4. Жұмыс арасында жеңіл жаттығулар жасаңыз. Бір орында қозғалыссыз отыра беру денсаулыққа пайдалы емес.  Жұмыс арасында қызметтестеріңіздің кабинетіне бас сұғыңыз. Терезені ашып сырттан таза ауа жұтыңыз. Ұялы телефоныңызды үстеліңізден алыс қойып, қоңырау шалғанда ерінбей тұрып көтеріңіз. Тек қимылсыз қалудан сақтаныңыз.

5. Теріс энергиясы бар қызметтестерден іргеңізді аулақ ұстаңыз. Ұрыс-керіске жақын, беймаза, мазасыз, теріс энергиясы басым жандар адамның энергиясын сорып алады. Мүмкіндік болса, мұндай жандарды өзіңізден қашық ұстаңыз. Бұл сіздің психологиялық денсаулығыңыздың кепілі болмақ.

6. Салқын сумен шайынуды әдетке айналдырыңыз. Жұмыс күнінің ортасына қарай бұл адамның сергіп қалуына септігін тигізеді. Егер де макияжымды құртып аламын деп қорықсаңыз, тек қолыңызды ғана салқын сумен жуып, мойныңызды сипап өтіңіз. 

7. Жабық ғимарат ішінде отырғанда адамға оттегі жетіспейді. Ал ағзаға қажетті оттегі жетіспесе, аз мөлшерде болса да энергиялық аштықты сезінеді. Ендеше аз уақыт болса да таза ауада серуендеп қайтыңыз. Жарты стақан анар немесе сәбіз шырынын ішу ағзаға қосымша күш береді.

8. Көз қарашығына жаттығу жасаңыз. Көзіңіздің қарашығымен ауада 8 санын салыңыз. Сан неғұрлым үлкен болып алынса, соғұрлым жақсы. Көздің қарашығын сағат тілімен және сағат тіліне қарсы бағытта айналдырыңыз. Одан кейін көзді жұмып осылай жасаңыз.

Н. Үсенова