Жұлдыз жорамал – 2017: Таразы

Жұлдыз жорамал – 2017: Таразы
Фото: FTimes.ru

Таразы – жұлдыз жорамалдың жетінші белгісі. 23 қыркүйек – 23 қазан аралығында дүниеге келген жандар таразы белгісіне жатады. Оның символы – таразының екі бөлігі. Бұл тұрақтылыққа, үндестікке, әділдікке ұмтылуды білдіреді. Символы – теңдік пен тыныштық. Таразының ұраны: "Мен тепе-теңдік сақтап тұрмын". Ұстанымы – тепе-теңдік пен бейбіт өмірге деген талпыныс. Таразының тасы – таза алмаз. Планетасы – Шолпан (Венера).

Таразыларға тән жалпы сипаттама

Бұл адамдар өз-өзімен үндесуге ұмтылады. Тыныштықты сүйетін бейбіт жандар шудан алыс жүреді. Сұлулықты, табиғатты сүйеді, тым әсершіл, сезімтал, ой-өрісі кең, романтик. Жақсылықты бағалай біледі, дарынды, әділ. Өз күшін толық бағаламайды, өзіне сенімсіз. Тек қасында сүйеніші болғанда ғана қорықпайды. Үнемі жұрттың мақұлдауын күтеді, өздігінен шешім қабылдауы қиын. Өзіне сенімсіздігінен керемет мүмкіндіктерді жіберіп алып жатады.

Басқалар таразыларды жұмсақ, өз-өзімен үндестігі мықты, керемет жан деп бағалайды. Таразымен әңгімелесу оңай, айтар ойын өтірік қоспай айтатынымен белгілі. Әңгімелесіп отырғанда таразылар бастарын шұлғып, мақұлдап отырады. Қолын сермеп, ерекше әсермен, дауыс ырғағымен сөйлейді. Таразы адамды өзге жұрт "талғамы жоғары" деп бағалайды. Қоғамдық жұмыстарды жақсы атқарады.

Таразы әйел адамдар үшін 

Таразы белгісінде дүниеге келген әйел адамдар тартымды келеді. Олар – шешім қабылдауда көп ойланатын жандар, көбіне таңдаудан жаңылыспайды. Таразы әйелдерге кеңес алуға көп адам келеді, өйткені, олар ақылды жақсы айтады. Таразы әйелдер – өздеріне дауыс көтеріп, айғайлаған адамдарға қарсы сөйлей алатын батыл жандар. Кейде өзімен-өзі, жалғыз отырғанды, үнсіз қалғанды ұнатады. Бірақ табиғатынан биязы, мейірімді келеді. Тұрмыстық мәселелерге келсек, таразы әйелдер байлықты жақсы көреді. Олар қара күшті талап ететін жұмысты құлықсыз жасайды, өйткені, табиғатынан өнерге, шығармашылыққа жақын. Таразылар шын сүйе біледі, таңдаған серігін құрметтейтіні соншалық, тіпті, үлгі тұтады. Олар тұрмыс құруға асықпайды, ер жігіттерге үстемдік жүргізгенді қалайды. Таразы әйелмен нағыз ер атына лайық, тірек бола білетін, ерік-жігері мықты жігіт қана бірге тұрып кете алады. Таразы әйел өзіне жасалған жақсылықты өле-өлгенше ұмытпайды. Айналасындағы жандарға жақсылық тілеумен жүреді. Таразы әйелдер күйеуінің мойнына "мені асыра" деп отырып алатын жандардың қатарынан емес. Ойлау қабілеті мен білімінің арқасында карьера жасай біледі, еркекке тән мықты жігерге ие. Кейде жігіттерге ақылы тасыған қыздардың ұнай бермейтінін білгендіктен, ақымақ қыз кейпіне оңай енеді. Таразы әйелдер саясаттан сән әлеміне дейін хабардар болып жүреді. Ол түрлі тақырыпта әңгіме айта алатынымен ерекше. Сараптама жасай білетін қасиеті некеде де, басқа салада да таразы әйелге көп көмегін тигізеді. Олар нәзік келеді, үйде тыныштық пен жайлы өмірді қалайды. Таразы әйел – шыншыл, шынайы жан. Таразы әйелдің негізгі ұстанымы – үндестік. Олар тым арманшыл келетіндіктен, барынша сөзбен емес, іспен айналысқаны дұрыс. Кейде тым өзімшіл. Қоршаған ортаның пікіріне бағынышты. Үнемі бір нәрсені бастағанда бірінші өзінен емес, жұрттан қолдау іздейді.

Таразы ер адамдар үшін 

Таразы белгісінде туған ер адамдарды тағдыр көп сынай бермейді, "өмірдің еркелері" де – таразылар. Олар – көңілді жүретін жандар. Оның әлсіз тұсы – бәріне ұнауға, жұртқа жақсы көрінуге талпынуы. Сырт көзге көп мән береді. Таразы ер адам – отырыстың сәні, жүрген жерін мерекеге бөлейтін жан. Оны көп адам жақсы көреді. Таразы ер адам сырды жақсы сақтай білетін сырсандық, жақсы кеңесші. Оған жұрт кеңес алу мақсатында жүгініп жатады. Жақын адамдарының жанында қалғанда таразы ер адам көп мақтанады. Өзіне бағытталған кез келген сынды ауыр қабылдайды. Жақын адамдарымен жақсы қарым-қатынас жасау үшін барын салады. Басқаларға кеңес беруге құмар таразы жігіттер өз басына келгенде мың ойланып, тоқсан толғанады. Шешім қабылдар алдында көппен кеңесу таразы ер адамға да, таразы әйелге де тән. Олар өздерін тұлға ретінде қалыптастыра алады. Олар –  әділдікті жақтаушылар. Үйде "ауа-райы" бұзылса, таразылар бойларын жайсыз сезініп, сыртқа ұмтылады. Таразы жігіттер сыйлық сыйлауға, біреуге көмектесуге құмар. Олар – әйел жүрегін тез жаулап алушылар. Сонымен қатар өздері де аса сезімтал келеді. Өнермен, шығармашылықпен тығыз байланысты қызметтерде жетістікке жетеді.

М. Оңғарова