Қолшатыр – романтиканың белгісі

Қолшатыр – романтиканың белгісі
Фото: wallpapers.99px.ru

Ауа-райы болжамдары сәуір айының жауын-шашынға толы екен хабарлап жатыр. Табиғаттың еркелігіне адамдар қолшатыр алып дайындалып жатқан да болар. Осы қолшатыр туралы бізде сан түрлі қызықты деректер бар. Сонымен...

Қолшатырдың отаны ретінде Қытай мен Египетті атауымызға болады. Ең алғашында бұл мекендерде қолшатыр – ақсүйектер мен патшалардың желпуіші ретінде қолданылды. Оның шыққан уақыты – б.з.д ХІ ғасыр. Осы ғасырларда қолшатыр – биліктің нышаны ретінде кеңінен танымал болды. Ол кездерде қолшатырды ұстауға тек патша отбасының мүшелері мен ақсүйектер ғана рұқсат алды.

Тек қана аңыздарға құлақ түре отырып бір деректің бетін аша аламыз. Ертеде есімі белгісіз бір қытайлық сері өз әйелін жанынан да артық жақсы көрген екен. Әйелім аптап ыстықтан қиналмасын деген ниетпен, сүйіктісіне қолшатыр жасап берген көрінеді. Ал сол «махаббат сыйын» сіз бен біз өз кәдемізге жаратып келеміз.

Уақыт өте келе, қолшатыр Ежелгі Египет және Вавилон жеріне жетті де, күннен қорғанатын құрал ретінде пайдаланыла бастады. Ғылыми деректердің көрсетуінше, ол қолшатырлардың салмағы 2 келіден асқан, ал тұтқасы 1,5 метрге жуық болған.

XVII ғасырдың басында Франция жеріне жеткен қолшатырлар, тек XVIIІ ғасырдан бастап қана жаңбырдан қорғаныш ретінде қызмет етті. Алғашында сүйкімсіз көрінетін қолшатырларға сән берген де осы Франция елінің ханымдары. «Сән» деген ханым Франция жерінде өз патшалығын құрысымен, түрлі-түсті қолшатырлар дүниеге келе бастады да, ер азаматтарға арналған түрлері де ойлап табылды. Бүгінде қолшатырлардың ағаштан, пластамассадан, темірден жасалған түрлері бар, тіпті ғаламтор-қолшатырлар да пайда болды. Көрінбейтін де қолшатыр жасалған болатын.

Г. Берік