Қуаныштан жылаудың сыры неде?

Қуаныштан жылаудың сыры неде?
Фото: BNews.kz

Жылау – тіршілік иесіне тән қасиет. Адам көп жағдайда қорқыныштан немесе бір жері ауырғаннан, қайғырғаннан жылайды. Ол – заңдылық. Қатты қорыққанда өзіңізді жалғыз сезінесіз не эмоцияңызды іште сақтай алмайсыз. Бұл ішкі жан дүниенің күйзелісіне алып келеді. Сонда жылауға ерік бересіз. Дәл сол секілді денеңіз ауырсынған кезде жаныңызға батқан сайын ішкі шыдамдылықты сыртқа шығару үшін жылайсыз. Ал жанарға жас толып, тамшы боп ағуы адамға тән қасиеттің бір түрі.

Ең қызығы адам тек мұңайып не қорыққан кезде ғана емес қуаныштан да жылайды. Жас адамдар көбінесе мұны әлсіздік белгісі ретінде қабылдайды. Яғни сізге жаман болған кезде ғана жылауыңыз мүмкін деген түсінік қалыптасқан. Бірақ біз қуаныштан да жылаймыз. 

Ғалымдар не дейді? 

АҚШ университетінің ғалымдары адамның қуаныштан жылайтын сәтіне байланысты зерттеу жүргізген. Олар соғыстан келген жігітін не күйеуін күтіп алған қыз-келіншектердің эмоциясына сараптама жасаған. Нәтижесінде адамдар қуаныш кезінде мұңаюға қарағанда шынайы әрі демде жылаған. Олар өте қуанған кезде эмоциясын ұстай алмай, бірден сыртқа шығарған. Бұл жағдай университет бітіріп жатқан баласын көрген ата-аналардың да көз жасынан байқалған.

Олар бұл құбылысты адам қатты қобалжыған кезде ішкі эмоциясына ие бола алмаудан пайда болады деп түйді. Дәлел ретінде ғалымдар қатты күлкінің, шынайы күлкінің өзі жылауға алып келетінін былай түсіндіреді: езу кейін қарай шектен тыс жылжығанда жүйке талшықтарының оянуынан жас бөлінеді. 

«Қуаныштан жылау – миф» дейді... 

Ғалымдардың ойына бірқатар психолог қарсы шықты. Себебі олардың ойынша қуаныштан жылау деген түсінік жоқ. Ол тек адамның жағымсыз энергиядан арылуы ғана деп түсіндіреді. Оның бәрі адамның өз қалауында деп қарастырады. Адамның жасы ешқашан бітпейді. Ол оны кез келген жерде шығара алады және тоқтата алады. Бұл қалыпты жағдай. 

Ғалымдар мен психолог мамандардың дауынан мынадай тұжырым шығаруға болады. Қуаныштан жылау қалыпты жағдай, ол жан дүниенің эмоциясын сақтай алмаудан туатын шынайы әрі табиғи құбылыс.

Қазақ халқында «қуанған мен қорыққан бірдей» деген сөз бар. Шынайы әрі шаттықтан шыққан жастың дәмі мұңнан туатын жастың дәміне қарағанда тәтті болары анық. Бұл құбылысты әркім әртүрлі қабылдайды.

Жыламаңыз! Жылаңыз, қуаныштан!

М. Ақан