Иллюстратор қазақ қызының стильді суреттері

Иллюстратор қазақ қызының стильді суреттері
Фото: ©suluart

Әлеуметтік желіде @suluart никнеймімен танымал иллюстратор қазақ қызының толық аты-жөні – Айсұлу Сапарова. Айсұлу салған суреттер сүйкімділігімен, стилімен, өзіндік ерекшелігімен көптің көңілінен шығып жүр. Massaget.kz жас қылқалам шеберінің шығармашылығына тәнті болып, авторды сөзге тартқан еді.

Айсұлу Сапарова

"Расында, мен өзімді иллюстратор деп таныстырамын, – дейді Айсұлу. – Иллюстрация дегеніміз – визуалды өнердің бір түрі, қандай да бір оқиғаға немесе оқиға желісіне сай салынатын сурет. Суретшілер көбіне бір техниканы пайдаланса, иллюстратор өз жұмыстарында бейнелеудің бірнеше əдісін қолдана алады. Мысалы, суретті алдымен қағазға түсіріп, кейін оны графикалық редакторлармен өңдеп, электронды нұсқасын жасайды. Дәл бүгінгі таңда, менің ойымша, қылқалам шеберлерінің туындыларынан гөрі, электронды бейнелеу өнерін бағалаушылар көбірек. Бұл тенденция заманға сай жаңа технологиялар шыққандықтан сұранысқа ие бола бастады".

Айсұлудың бейнелеу өнеріне деген махаббаты нағашы ағасынан дарыған. Бала кезінен сурет салуға құмар болса да, кәсіби түрде білім алуға, дағдыларын дамытуға мүмкіндігі болмаған. Сол себепті иллюстрация – бүгінгі таңда қылқалам шеберінің хоббиі. 

 

"Өнер адамдардың көпшілігі өте сезімтал келеді. Көңілімді тебірентетін жағдайлар, жүрегіме дөп тиген оқиғалар, сүйікті адамдарым, сезімімді оятатын, сүйкімі бар өмірлік жайттар шабытымды шақырады. Көбіне еуропалық дизайнер-иллюстраторлардың шығармашылығына тәнті боламын. Бір иллюстратордың қиялының кеңдігі, екіншісінің техникасы, үшіншісінің түстерді үйлестіру қабілеті ұнайды" , - дейді Айсұлу Сапарова. 

Иллюстратор қазақ қызының негізгі мамандығы – заңгер. Біраз жыл бойы осы мамандық бойынша қызмет атқарған. Қазіргі таңда білімін жетілдіріп, оқып жүр, бір сөзбен айтқанда – студент. 

Көрермен көңіліне көктем орнатқан көркем суреттерден нәзіктік пен жұмбақтықтың лебі есетіндей. Жүрегі мен қылқаламы сұлу сурет тудырған Айсұлуға сарқылмас шабыт тілейміз! 

М. Оңғарова