Алтыннан қымбат сөз: «Рақмет»

Алтыннан қымбат сөз: «Рақмет»
Фото: www.khafa.org.vn

Өмір тек қана жамандықтан немесе жақсылықтан тұратын ұғым емес. Ол әр кезде құбылып тұратын біздің тіршілік ортамыз, біздің әрбір тынысымыз. Тек оны жақсы қылу да, жаман қылу да өз қолымызда.

Қазақ ұғымындағы «жақсылық жасау» – ұлы қасиет. Себебі жақсылық жасау да оңай нәрсе емес. Арнайы дайындықты емес, адамгершілік қасиетті көрсететін өлшем. Күнделікті өмірде жасалған жақсылық үшін ақы алғанға қарағанда, алтыннан қымбат сөз естіген мың есе артық.

«Рақмет»

Есіктен ентелей кіріп бара жатқанда, қартқа жол беріңіз, ақысына «рақмет» аласыз;

Қымбат бағалы заты түсіп қалған жолаушының затын көтеріп, өзіне беріңіз. Жауабына «рақмет» аласыз;

Ең қарапайымы, қоғамдық көлікте аяғы ауыр анаға немесе қыз балаға орын беріңіз, орнына өмірлік азық болар «рақмет» аласыз.

Бұл сөздің құны ақша емес. Құны жоқ. Себебі бір адамның көңілін көтеріп, оның ойында адамгершіліктің әлі де бар екенін сезіндіру әлдеқайда байлықтың белгісі;

Ең жақсысы дұшпаныңызға жақсылық жасап, бір ауыз рақметін алу арқылы әлемде бір жаман адамды болсын құтқару;

Сәбидің рақметі, сіз үшін емес, ол үшін өмірде жақсы адамдардың көп екенін сезіндіруге себепші;

Адам түгілі, сөйлей алмайтын аңның да рақметін алуға болады. Ең қызығы, жақсылық жасаған иесін жануар ұмытпайды. Жауабына өзінің өмірін құрбан етуі де мүмкін;

Сіз үшін қызмет көрсетіп тұрған даяшыға «рақмет» айтыңыз. Ол бұл сөзге зәру емес, бірақ сіз отырған үстелге барынша махаббатымен қызмет көрсетеді;

Ата-анаңыздың «рақметін» алу олардың алдындағы парызыңыздың жүз мыңнан бірінің ғана өтеуі. Бірақ жүз мыңнан бір өтелген парыз сізді жүз жыл асырауы мүмкін;

Рақмет – екі немесе одан да көп адамдар арасындағы ең сұлу да жылы дәнекер сөз. Рақмет алып жүріп «рақмет» айтуды да ұмытып кетпеңіз!

М. Ақан