Күреңбай сыншының жүйрік тану үлгісі

Күреңбай сыншының жүйрік тану үлгісі

Жүйріктердің бас бітімі жай аттардың басынан ерекшеленіп тұрады. Қазақ жүйріктері тәует бас болып келеді. Құлағы тік, «қамыс құлақ» болғанда, жұтқыншағы қойдың жұтқыншағына ұқсайды. Мұны «қой жұтқыншақ» десе болады. Сағағы кең, үңірейіп тұрады, соған байланысты мұндай сағақты атты жұрт «үңгір сағақ» деп атайды. Ерні салбырап тұрады, ондай ерінді «салпы ерін» дейді. Бастың өзі кез жарым болса да, одан кесім ет шықпайды. Танауы талыстай, кеңірдегі кең болады.

Жүйріктің мойын бітімінде ерекше көп мән бар. Қазмойын сұлу көрінгенімен, шабуға жаралған жүйрік үшін жайсыз. Аламан бәйгеде мұндай мойын тез талады. Нағыз жүйріктің мойны ұзын емес, бұланның мойнындай жұмырланып келеді. Жалы қалың да емес, сұйық та емес, құланның жалындай майда келеді. Оның ел арасында «құлан жал» деп те атайды.

Жаясы жазық келеді.  Жоны жұмырланып, қоян жонданып тұрады. «Қоян жон» деп халық осындай жонды айтады.

Төсі түлкінің төсі пошымдас келеді. Шынтағы қалқыңқырап бітіп, қолтығы ашық тұрады. Мұндай қолтықты «қуыс қолтық» деп атайды.

Аяғы сіңірлі, жер соғарлы, тік біткен сом аяқ, быртық бақай, тазы тізе, ит жіліншік, құс топшы, серке сан – шын жүйрікке тән белгілер. Тілерсегі желмаяның тілерсегіндей болып бітсе, онда мұндай ат өзге аттардың екі-үш аттаған жерін бір-ақ аттайды.

Құйрығы қою да, сұйық та емес, қоқанның жібегіндей жеңіл келеді.

Ұршығы аласа, жамбастың басы делдек, шоқтығы өргек қалбағайлы, қақпан бел болып келеді.

Дереккөз: namys.kz

Сурет: azattyq.org

Н. Айдархан