Асыл тастар: түрлері мен атаулары

Асыл тастар: түрлері мен атаулары

Ел арасында «асыл тастар – қыздардың ең жақсы досы» деген ұғым бар. Бар-жоғы бес асыл тас бар және әрқайсысы өзіндік қасиет пен ерекшелікке ие.

Гауһар

Қырланған алмас – гауһар ең танымал асыл тас болып табылады. Әдетте әшекейлерге мөлдір гауһарлар пайдаланылады, бірақ зергерлік өнердің қымбатырақ үлгілерінде меруерт, жақұт, сары түсті, кәріптас түсті және қара тастарды да кездестіруге болады. Ең үлкен және әдемі деген гауһарлар әлем мұражайларында сақтаулы. Ең үлкен гауһар «Флорентиялық» деп аталады. Оның салмағы 137,27 каратқа тең. Гауһар Габсбургтердің тәжін әсемдеген, ал Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін жоғалып кеткен.

Гауһар сиқырлы қасиетке ие мықты тас деп саналады. Ол иесіне бақыт әкеледі, оны бәле-жаладан қорғайды, ал оған дұрыс қарамаған жағдайда сәтсіздік те әкелуі мүмкін. Гауһарды салтанатты жиындарға, әдемі көйлекпен, жалпы талғаммен тағу керек. Гауһарды күнделікті өмірде тағып жүру әдепсіздік саналады. Сонымен қатар бұл асыл тас жас қыздардың бейнесіне аса жараспайды.

Алмастар әшекей ретінде ғана емес, автомобильдік өнідірісте де, құрылыс саласында, стоматологияда, сағат өндірісінде де пайдаланылады.

Жақұт

Жақұт – ең қымбат асыл тастардың қатарына кіреді. Оған қоса, жақұт алмаспен бақталаса алатын қатты минерал саналады. Бұл асыл тастың ерекшелігі – қою көк түсінде. Алайда, алқызыл, ақшыл көк түсті, сары жақұттар да кездеседі. Бұлардың мөлдір түрі өте сирек болғандықтан жоғары бағаланады. Кейбір жақұттар астеризм эффектісіне ие, яғни оған күн сәулесі түскенде тастың ортасында алтыбұрышты жұлдыз пайда болады. Әлемдегі ең ірі жақұт «Шығыстың көк алпауыты» Цейлонда табылған. Оның салмағы 446 карат және соңғы мәліметтер бойынша жеке тұлғаға 1 млн долларға сатылған.

Жақұтты даналық тасы деп есептейді және иесіне өтірікті айыра алатын қасиет береді. Сонымен қатар ол адамды тыныштандырып, суық тию мен тамақ ауруларын емдеуге, қан қысымын реттеуге көмектеседі. Жақұтты көбіне алтын жиектемеге салып, мойынға тағады. Сонымен қатар осы таспен жүзік, сырғалар да кездеседі. Қыста жақұтты ақ алтын немесе платинада тағып жүрген құп саналады.

Лағыл

Лағыл – бұл ең жарқыраған асыл тастардың бірі. Ашық қызыл, жарқыраған лағылдар жауынгерлік көсемдердің жақсы көретін тасы болып келген. Әйгілі Ақсақ Темірдің өз аты жазылған ірі лағыл тасы болған. Лағылдың әртүрлі түстері бар, бірақ дәл қызыл тастар жоғары бағаланады. Олардың ең ірісі 440 каратқа тең. Әзірге оның аты жоқ және қырланбаған, оны өңдеумен әлемнің ірі зергерлері айналысуда.

Лағыл құштарлық, күш пен жігердің тасы саналады. Ол адамға сенімділік пен батылдық береді. Лағылды тек алтын жиектемеде және әдетте жүзікке салып тағады. Алайда алқа ретінде тағатындар да көп.

Меруерт

Ерекше реңкі үшін меруертті «жасыл мұз» деп те атайды. Бұл тастың кейбір үлгілері кейде гауһардан да қымбат тұрады. Меруерт ежелгі заманнан белгілі. Мысырлықтар ертеде оны сиқырлы ғұрыптарына пайдаланған. Ең ірі және, әрине, ең танымал меруерт - «Ұлы Моғол» тікбұрышты тасы. Оның салмағы 217,8 карат. Онда ислам дұға сөздері мен шығыс өрнектері соғылып жазылған. Бастапқыда меруерт Ұлы Моғолдар әулетінің жеке меншігінде болған, ал қазір жеке коллекцияда сақтаулы.

Меруерт емдік қасиеттерге ие. Ол ұйқысыздықта, қызу көтерілу сияқты ауруларда көмектеседі, көз көру қабілетін жақсартады. Меруертті алтын жиектемеде де, күміс жиектемеде де тағып жүре береді. Сонымен қатар бұл тас ер адамдарға да жарасады.

Інжу

Табиғаттың кездейсоқтығы тамаша інжулердің пайда болуына сеп болды. Оларды қабыршағына кіріп кеткен құмдардан тазартуға ұмтылатын ұлулар жасайды. Бір інжу 12 жылға жуық «пісіп жетіледі». Табиғи інжуді алу біршама қиын, сол себепті де ол жоғары бағаланады. Ең ірі інжу 6,4 кг тартады. Оның домаланған пішіні көптеген қатпарлармен алабажақтанып кеткен. Қазір бұл інжуге бірнеше адам иелік етеді, ал бағасы шамамен 60 млн доллар.

Кейде жасалу барысында інжудің әлем-жәлем үлгілері түзіледі, бірақ домалақ пішінді інжу жоғары бағаланады.

Інжу жастық пен пәктіктің белгісі, сол себепті жас қыздарға көбірек жарасады. Інжуден алқа, сырға, білезік, танамоншақ пен жүзіктер жасайды. Сонымен қатар көйлектер мен аксессуарларды әсемдеу үшін інжу жиі пайдаланылады.

Жартылай асыл тастар


Халықаралық классификация бойынша зергерлік өнерде пайдаланылатын өзге тастар жартылай асыл тас немесе ұсақ тас саналады. Олардың ішінде – топаз, зүбәржат, анартас, жасыл ақық, жылтыр тас ең танымал және жоғары бағаланады. Ұсақ тастардан әшекейлер ғана емес, қобдиша, мүсінше, жиһаз бұйымдарын жасайды. Мұндай тастарға яшма, авантюрин, ақық, көгілдір ақықты жатқызуға болады.

Сурет: topmira.com, magictheory.ru, jelephant.com.ua, myuvelir.com.ua

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina