Келер аптаның 7 ісі

Келер аптаның 7 ісі

Мамыражай мамыр да басталып, жылжып жұма да жетіпті. Келер аптаның 7 ісін есіңізге саламыз.

1. Әлбетте, аптаның басты жаңалығы - "Жаужүрек Мың бала" фильмі болды. Көптен күткен фильм көрсетіліп, массагеттіктер пікірлерін жарыса жазып жатыр. Осы орайда, достар, кішігірім конкурс жариялаймыз! Осы фильм туралы жазған ең қызықты жазбаны таңдайық! Қорытындысын келесі аптада шығарамыз. Жеңімпазға аз-маз сыйлығымыз бар. 

2. Ұлы Жеңіс күні - 9 мамыр жақындап келеді. 9 мамырға орай арнайы жобамыз ашылды. Ұлы Отан соғысы туралы не білгіңіз келеді? Бізге жолдаңыз! 9 мамыр жобасында Ұлы Отан соғысы туралы жан-жақты айтуға тырысамыз. Ал мереке күні әлбетте үйде отырмай, көшеге шығып, мерекелік көңіл-күйді сезінуіңізге кеңес береміз! Сондай-ақ, жақында қолданушымыз Самат керемет ұсыныс тастады. Саматтың ұсынысын жерде қалдырмай, соғыс ардагерлерінің мерейін бір көтеріп тастайық!

3. Гүл егетін маусым жалғасуда. Әлі де кеш емес! Қолыңызға күрек алып, гүл егіңіз. Аулаңыз не балконыңыздың гүлмен бірге құлпырып тұрғаны сондай ғаламат емес пе?

4. Жеміс-жидектің қайсысынан салат жасарыңызды білмей жүрсіз бе? Біз көмектесейік. Дәруменге бай шалғамды көп жеуге тырысыңыз. Қазір көбіміз өзімізді әлсіз сезінетін көктем мезгілі болғандықтан, көкөністерге де талғаммен қараңыз.

5. Бәріміздің жұмысымыз компьютермен тығыз байланысты болып кетті. Компьютер үстелін аптасына қанша рет жинап, сүртесіз? Гигиенаны қатаң сақтау кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан, келесі аптадан бастап, жұмыс үстеліңіздің тазалығын қолға алыңыз!

6. Сәттіліктің сыры неде? Осы сұрақтың кілті өз қолымызда тұрғанын білесіз бе? Ия, тау мен тасты кезіп іздеп жүрген сәттіліктің өз қолымызда екеніне мына кеңестерді орындасаңыз, көзіңіз жетеді.

7. Достар, бізге бір ой келіп тұр. Ғалымдар дәлелдеген тәжірибелерді жасап көрсек қайтеді? Біз келесі аптада екі гүлді суға салып қойып, біреуіне жақсы сөз, біреуіне жаман сөз айтатын тәжірибені іске асырып көрсек дейміз. Расымен жаман сөз айтылған гүл өле ме, жоқ па? Бұл ғалымдардың дәлелдерін теріске шығаруға тырысу емес, солар ашып жатқан осындай қарапайым жаңалықтарды қайталап істеу арқылы, мынау әлемнің жаратылысын тануға ұмтылу. Сіз де осы тәжірибені немесе өзіңізге ұнаған кез келген тәжірибені қайталып көріңіз. Нәтижесі қандай болар екен?

Сурет:livinglocurto.com, gourmetsleuth.com

М. Оңғарова