U:hack: Идеядан прототипке дейін

U:hack: Идеядан прототипке дейін
Фото: tengrinews.kz

Шымкент қаласында U:hack жастар фестивалі өз бастауын алды. 24 сағаттың ішінде өз идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шара екі күнге жоспарланған. Бұл фестивальге қатысуға қызығушылық білдірген жастар іріктеліп, Қазақстанның түрлі қаласынан 1500 қатысушы келді.

Фестивальдің ашылу рәсімінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай сөз сөйлеп, қатысушылардың басым бөлігі жастар екенін ескеріп, оларды биылғы «Жастар жылымен» құттықтады.

Бойдағы қабілетінің көмегімен ойдағы идеясын жүзеге асыруға келген қатысушылар екі күн бойы өзара сайысатын болады. Барлық тапсырмалар ұйымдастырушылар мен серіктестер тарапынан беріледі. Қатысушылар «Ақпараттық технологиялар», «Кино және видео», Контент және медиа», «Кәсіпкерлік» аталымдары бойынша бақ сынайды.

Ашылу салтанатында түрлі салада жетістікке жеткен тұлғалар спикер ретінде сөз сөйледі. Олардың қатарында BTS Digital оқыту орталығының басшысы Саясат Нұрбек, «Болашақ» бағдарламасымен білім алған түлек Қаныш Түлеушин, Chocolife және Chocotravel жүйесінің негізін қалаушы Рамиль Мухоряпов, The Steppe сайтының негізін қалаушы Зәуре Розмат, белгілі блогер, PR-маман Әлішер Елікбаев, видеоколорист Виталий Бужан, жас режиссер Қыран Талапбек бар. Әнші Дархан Juzz фестиваль барысында қонақ ретінде ән салды.

А. Қажиев