Үстелге көшкен футбол

Үстелге көшкен футбол
Фото: geekwire.com

Вашингтон университетінің жасақтаушылары ерекше ойластырылған өнертабыс жасады. Ол қосалқы шынайылық технологиясын қолдана отырып, футбол трансляцияларын 2D кескіннен 3D кескінге ауыстырады. Нәтижесінде футбол ойындарын көгілдір экраннан емес, үстел үстінде көруге болады (бұған, әлбетте, AR құрал-жабдықтары керек). 

Жүйе "Soccer On Your Tabletop" (сіздің үстеліңіздегі футбол) деп аталады. Ол футбол ойындарының видеоларын негіз етіп алып, әр ойыншының кескінін, қозғалысы мен қимылын өз елегінен өткізеді. Кейін футболшылардың тұлғасы 3D модельге салынады. Жасақтаушылар Константинос Рематас, Ира Кемельмахер-ШлизерманБрайан Кюрлес, Стив Сэйтстердің айтуынша, олар 3D модельдің жүйесін футбол видеоойындарынан алған екен. 

Бұл өнертабыс әлі де біраз толықтыруларды қажет етеді. Мысалы, доптың ұшу траекториясы кей сәтте үзіліп қалып жатады, ал ойыншылардың 3D моделі кейде дәл түспейді. Мұның барлығы әлі жетілдірілетін дүние, бірақ жасақтаушылардың идеясы, расымен, ерекше. Олар Солт-Лейк-Ситиде өтетін Computer Vision and Pattern Recognition конференциясында өз өнертабыстарын алғаш рет көрсетпекші.

Massaget.kz