Apple жаңа iOS операциялық жүйесін таныстырды

Apple жаңа iOS операциялық жүйесін таныстырды
Фото: THE ROCO

Apple корпорациясы жаңа iOS 12 операциялық жүйесін таныстырды. Таныстыру рәсімі WWDC конференциясы кезінде ұйымдастырылды.

Бұл операциялық жүйе жаңа мүмкіндіктерге бай. Осыған дейінгі нұсқаларынан 40% жылдам жұмыс істейді. Ал камера қызметі 70%-ға дейін жылдамдатылған. Құрастырушылар "Фото" бағдарламасын толықтай өзгерткен. Дизайны мен суреттерді іздеу жүйесі жаңарған. Жаңа iOS-та Measure бағдарламасы болады. Ол обьектілердің өлшемін дәл анықтауға көмектеседі.

Жаңа операциялық жүйе қолданушыға жеке статистика да ұсынып отыра алады. Әр апта сайын әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қанша уақыт өткізгені жайлы ақпарат бере алады. Смартфонды қолдануға уақытпен шектеу қоюға да болады.

Операциялық жүйеде анимоджилер де жаңарған. Олар енді тілін шығара алады. Динозавр, жолбарыс, елес пен коала түріндегі анимоджилер қосылған. Қолданушылар өз түрінен де анимоджи жасай алады.

Жаңа iOS 12 операциялық жүйесі қазіргі таңда iOS 11 жүйесі бар барлық құрылғыларда ( iPhone 5s, iPad Air және Mini 2-ден бастап) қолжетімді болады. 2018 жылдың күзінде қолданысқа енгізіледі.

Н. Үсенова