iPhone сенсорлы функциялары Apple TV контенінде қолданылады

iPhone сенсорлы функциялары Apple TV контенінде қолданылады
Фото: appleinsider.ru

Бүгін - Apple тарихындағы маңызды күн. Айта кетсек, Сан-Франциско қаласындағы Bill Graham Civic Auditorium ғимаратында купертинолық компанияның өнімдері таныстырылуда. АҚШ қаласында өткізіліп жатқан іс-шарада соңғы үш жылда жаңартылмаған Apple TV платформасы көпке ресми таныстырылды. Енді аталған платформада iPhone смартфонының дыбыстық бақылау функциясы (Siri) сынды бірқатар қосымша теледидар технологиясында қолданылады.

Apple компаниясының бас директоры Тим Кук сөз кезегін өзі алып, әріптестерін жылдың басты жетістігімен құттықтады. Сонымен қатар, Apple компаниясының 2015 жылдағы нарықтық көрсеткіштері туралы сөз болды. Сосын Тим Apple TV инженерлерін сахнаға шақырды.

"Apple TV  контенті соңғы 3 жылда жаңартылмаған болатын. Теледидар болашағы — ғаламтордағы қосымша. Ендеше бүгінгі ресми іс-шарада теледидар құрылымын iPhone функциясымен қамтамасыз етілгенін айтқым келеді. Siri дыбыстық бақылау функциясы теледидардағы кино контентте таңдау жасауға көмектеседі. Одан бөлек, қолданушы теледидардан өзінің iPhone смартфонындағы жеке суреттерін тамашалап, Apple Music платформасында сақталған әндерін тыңдай алады. Ал әмбебап бақылау тетігі сенсорлы құрылыммен жабдықталған. Алдағы уақытта теледидардың контентті технологиясына арнайы Apple OS операциялық жүйесі дайындалмақ",  дейді Apple TV командасының жетекшісі Джефо Тана.

Естеріңізге сала кетсек, аталған іс-шараның басты гаджеті жаңа iPhone смартфоны болып саналады. Корпорация мамандары Apple өнімдерін таныстыруды жалғастыруда. Жаңа iPhone смартфондары туралы мәлімет айтулы іс-шараның соңында берілмек.

Ж. Өрісбай