Facebook әлеуметтік желісіне бір күнде миллиард қолданушы кірген

Facebook әлеуметтік желісіне бір күнде миллиард қолданушы кірген
Фото: bloomberg.com

Facebook тәулігіне кіретін қолданушылар санына қатысты жаңа рекорд орнатты. 24 тамыз күні аталған әлеуметтік желіге кіретіндердің саны бір миллиардқа жеткен. Бұл туралы компания басшысы Марк Цукерберг Фейсбуктегі аккаунты арқылы хабарлады.

Бұл ғаламшарымызда өмір сүретін әрбір жетінші азаматтың тәулігіне бір рет желіге кіргенін білдіреді. Бүгінде Facebook әлеуметтік желісіне 1,5 миллиард адам тіркелген. Дегенмен, олардың біршама бөлігі аптасына немесе айына бір рет желіге кіреді екен.

«Бұл көрсеткіш Facebook қызметкерлерінің жетістігі. Әрине, бір миллиард қолданушының күнделікті кіруі жақсы, дегенмен Facebook-ке кірмеген тағы 6 миллиард тұрғын бар. Бұл адамдарды бір-біріне жақындастырудың бастауы ғана», - дейді Марк Цукерберг.

Естеріңізге сала кетсек, жақында Facebook компаниясы интернет трафигі бойынша Google іздеу платформасын басып озған еді. Parse.ly сараптамалық агенттігінің зерттеу нәтижесіне орай, биылғы жылдың шілде айында әлеуметтік желіге жаңалықтардың 38,2% трафигі келіп түскен. Ал Google браузеріне трафиктің 35,2%-ы ғана тиесілі болған.

Мұндай сараптамалық жұмыстан кейін, Wired, The Atlantic, Reuters, The Daily Telegraph, Mashable, The Next Web және Business Insider сынды әлемнің беделді бұқаралық ақпарат құралдары әлеуметтік желіге көбірек күш салу керек екенін түсінді. Себебі, бүгінде әлеуметтік желінің пайыздық көрсеткіші 43-ке дейін көтерілген. Сонымен қатар, Facebook-тің айына 6 миллиард көрілімі мен 1 миллиард тұрақты кіретін қолданушылары бар.

Ж. Өрісбай