Snapster – ВКонтакте ұсынған Instagram аналогы

Snapster – ВКонтакте ұсынған Instagram аналогы
Фото: newsbel.by

Ағымдағы жылдың 17 маусымында App Store онлайн дүкенінде ВКонтакте бағдарламашылары құрастырған Snapster қосымшасы пайда болды. Бірнеше күн бұрын қосымшаның толық нұсқасы қолданысқа берілді. Мақсаты мен функцияларына мән берсеңіз, АҚШ-та танымал Instagram және Snapchat сынды әлеуметтік желілерінен ешқандай айырмашылық байқалмайды. Әйткенмен де, Snapster қосымшасы өзінің бірнеше артықшылықтарын ұсынып отыр.

Аталған қосымша фотосуреттермен бөлісуді негізгі мақсат етеді. Айта кетсек, арнайы топтасқан кәсіби фотографтар қосымшаға 19 түрлі фильтр дайындаған. Қосымшаның тағы бір ерекшелігі – таймер қолдану мүмкіндігі. Нақтылап өтсек, қолданушы желіге жүктеген суретін қанша уақыттан кейін жойылуы керектігін өзі белгілейді.

Snapster интерфейсі жоғарыда айтылған әлеуметтік желілерге өте ұқсас болғандықтан, интернет қолданушылардың басым бөлігі жаңа платформаға көшуді жөн көрмейді.

Бір ұтымдысы қосымшаға тіркелгеніңізден кейін ВКонтакте желісіндегі достарыңыздың барлығы автоматты түрде Snapster желісіне көшіріледі.

Ж. Өрісбай