Әлемдегі ең арзан компьютер құрастырылды

Әлемдегі ең арзан компьютер құрастырылды
Фото: hdimagelib.com

Америкалық стартап-компания әлемдегі ең арзан компьютер құрастырды. Kickstarter жобаларының бірі өз өніміне C.H.I.P. атауын берді.

Калифорниялық өнертапқыштардың айтуынша, құрылғы өзінің арзан бағасына қарамастан, көптеген мүмкіндіктерге ие. Мұндай компьютер мәтіндік құжаттарды жасау немесе интернеттен нақты ақпаратты іздеу сияқты функцияларды атқара алады. Сонымен қатар, альтернативті элементтерді пайдалана отырып, кейбір қарапайым ойындарды ойнауға да болады екен.

C.H.I.P. процессоры 1 ГГц жиілікте жұмыс істейді.  Ал жедел жады – 512 МБ болып, 4 GB қосалқы жадыны қолдана алады. Компьютерге белгілі бір міндеттерді орындау үшін сымсыз тышқан, пернетақта немесе экран қосуға болады. Жаңа мини-компьютер PocketC.H.I.P. атауымен компьютерлер нарығын жаңа ағымға алып келуі мүмкін. Оның толық қуаты 5 сағат белсенді жұмысқа жеткілікті етіп жасалған.

Жалпы адамның қалтасына сиятын компьютер жасау идеясы бұрыннан бар болатын. Дегенмен, оны жасауға инженерлер белсене кірісе қоймаған еді. Ал Пало-Алто қаласындағы стартап компания C.H.I.P. компьютерін жаппай құрастыруға дайындау үшін Kickstarter жобасы аясында 50 мың АҚШ долларын жинауы тиіс болатын. Әйткенмен де, стартапты қолдаушылар молынан табылып, екі айда $1,7 млн жиналған.

Компьютердің қазіргі прототипі 35-40 АҚШ долларына бағаланып отыр. Ал 2016 жылдың мамыр айынан сатылымға шығатын компьютердің нарықтағы бағасы небәрі $9-ға жоспарланған.

Ж. Өрісбай