Samsung Galaxy Note 5 шілде айында таныстырылады

Samsung Galaxy Note 5 шілде айында таныстырылады
Фото: galaxynote5.com

Samsung компаниясы Galaxy Note сериялы смартфонының келесі нұсқасын әдеттегіден ерте таныстыруды көздеп отыр. Жаңа аппараттың құрылымдық концепті мезгілінен ерте дайын болғандықтан, оңтүстіккорейлік инженерлер өнімнің ресми таныстырылуын шілде айына ауыстырыпты. Бұл туралы корейлік WhoWired басылымы жазып отыр.

Galaxy Note 5 флагманды өнімінің мезгілінен ерте сатылымға шығуы қыркүйек айында таныстырылатын iPhone 6s және 6s Plus смартфондарының нарықтағы беделіне кедергі болуы мүмкін. Оңтүсткорейлік компанияның көздегені де осы. Дегенмен, ең қызығы жаңа смартфонның шығу мерзімі емес, оның техникалық мүмкіндігі болып отыр. Осыдан екі ай бұрын Samsung компаниясы ағымдағы жылдың жазына қарай Ultra-HD сапаға ие AMOLED-дисплейлерін жаппай шығаратынын хабарлаған еді. Әзірге бұл ақпарат расталмай тұр.

Оңтүстіккорейлік басылымның жазуынша, Galaxy Note 5 флагманы 5,89-дюймді экран диагоналімен, ал Note 5 edge нұсқасы 5,78-дюймді дисплеймен жабдықталады. Мұндай көлем мен экран сапасы смартфонды 700ppi жиілікпен қамтамасыз етеді. Бұл Galaxy Note смартфонының кез келген аппарат стандартынан асып түсетінін білдіреді. Сонымен қатар, аталған өнім 4К-контентті видеоларды көруге мүмкіндік береді.

Одан бөлек, Note 5 смартфоны Galaxy S6 моделі сынды Samsung Exynos процессоры негізінде құрастырылуы мүмкін. Корпусының қалыңдығы Galaxy Note 4 нұсқасына қарағанда, 0,6 миллиметрге қысқа болып, барлығы 7,9 миллиметрді құрайды.

Сарапшылардың айтуынша, Samsung компаниясы әлемдік нарықтағы беделін қайта көтеру үшін осындай жылдамдықпен жұмыс істеуге мәжбүр. Бір жылда екі негізгі смартфонын сатылымға шығару арқылы iPhone модельдерінің беделін түсіруге ниетті. Дегенмен, оның бұл әрекеті әзірге өз нәтижесін бере қойған жоқ. 

Ұқсас жазбалар: 

IFA 2014: Galaxy Note 4, Galaxy Note Edge және Gear VR

Месси Samsung Galaxy Note 3 жарнамасына түсті (видео)

Ж. Өрісбай