Бармағынан бал тамған аспаз-робот

Бармағынан бал тамған аспаз-робот

Роботехнология – ХХІ ғасырдың өркениеті. Осы роботехнологияның жаңа мүмкіндіктері өмірімізге күн санап емес, сағат сайын сан түрлі өзгеріс әкелуде. Сөйлей алатын робот, ақ халатты абзал жандарды алмастырған дәрігер робот секілді көптеген түрі сөзімізге тұздық бола алады. Ал бүгінгінің жаңалығы (робот) өзгелерден ерекше... Тым бөлек... Ендеше, жүрегіңізге асқазан арқылы жол табатын бармағынан бал тамған "Moley" атты аспаз-роботпен таныс болыңыздар.

Moley – робот әрі аспаз. Ол смартфонның басқаруымен ғаламтордағы барлық тағам рецептісін жасай алады. Әрине, бұған сену қиын, дегенмен бұл – шындық. Роботтандырылған қос манипулятор (басқару ісін реттеп отырады) ас үй пеші, ыдыс-аяқ жуатын орын және де ас үй құралдарының астында орнатылған. Оның епті, роботталған қолы адамның қолынан еш кем емес. Әрі iPhone-ның көмегімен берілген тапсырмаларды кәсіби бас аспазшы секілді жылдам әрі сапалы орындайды.

Лондондық Moley Robotics компаниясы құрастырған бұл робот NASA агенттігін де қызықтырып отыр. Жаңа робот ас үйдегі барлық ыдыс-аяқпен де, техникалық құрылғылармен де еркін жұмыс істей алады. Мысалы, теңіз өнімдерімен езбе-сорпаны 30-ақ минуттың ішінде пісіріп береді. 

Аспаз робот 24 қоспа мен 20 мотордың көмегімен жұмыс істейді. Және де британдық Master Chef 2011 аспаздық шоуының жеңімпазы Тим Андерсонның қимылын айнытпай қайталайды. Оның себебі: аспаздың қимыл-қозғалысы алдын ала бейнекамераға түсіріліп, роботтың жадына жүктелген екен. 

Moley Robotics компаниясының қызметкерлері аспаз роботтан үлкен үміт күтеді. Ал аспаздар арасында екі ұдай пікір пайда болды. Кейбір кәсіби аспаздар оның суши әзірлей алмайтынын айтып, роботтың әлі де мүмкіндігі шектеулі дейді. Ал кейбір бас аспаздар: «Робот тамақтарды өзі жуып, өзі турай алады. Күрделі сушилерді есептемегенде, оның қарапайым сушиді керемет әзірлейтініне сеніміміз мол»,- дейді.

Роботты басқару смартфонға жүктелген арнайы қосымша арқылы жүзеге асады. Және де оны алыстан-ақ басқаруға да болады. Құрастырушылардың айтуына қарағанда, робот тоңазытқыш пен азық-түлікті сақтайтын қоймамен жабдықталады. Және де бүлінген ыдыстарды жуып-шаю үшін арнайы ыдыс жуғыш машина қондырылған болса керек. Роботқа не көрсетсеңіз, соны "санасына" іліп алып, кері қайталайды екен. Ол  – роботтың көпқырлылығы тұтынушыға тікелей байланысты деген сөз.

Moley құрастырушылары, сонымен қатар, роботтың жанында тұрған адамға зиян келтірмес үшін арнайы қауіпсіздік шараларын да ұмытпаған. Ас үй кешенінде өртке қарсы жүйе мен қорғаныш әйнегі орнатылады. Құрастырушылар роботтың мүмкіншіліктерін әлі де толықтырып, келешекте барлық үй тірлігіне көмектесетінін айтады. «Робот синтетикалық қолының көмегімен қолын немесе көкөністерді, етті жуа алады», - дейді компания инженерлері. Басқарушы манипулятор іске қосылмаған кезде, ол өздігінен жиналып, ас үйді қожайынына «босатып» береді екен. 

Бұл робот 2017 жылдан бастап жаппай сатылымға шығады. Компания "тас қайнататын" роботтың құнын 10 000 фунт стерлинг (14 700$) деп бағалап отыр. Алайда, бұл жалғыз роботтың ғана бағасы емес, жаңағы жоғарыда аталған пеш, ыдыс-аяқ жуатын орын, сөрелер, тоңазытқыштарымен есептегендегі бағасы екен. 

Бармағынан бал тамған аспаз-роботтың шеберлігін өзіңіз көріп, алған әсерлеріңізді айта отырыңыздар.

Сурет: taarfa.com

Е. Жұмабайұлы