Италиялық студент қолшатыр көлеміндей велосипед ойлап тапты (Видео)

Италиялық студент қолшатыр көлеміндей велосипед ойлап тапты (Видео)

Қыстың қарынан құтылып, көктемнің жаймашуақ күніне де жеттік. Күн жылысымен, қыдырып жүретін жастар қауымының велосипедпен де серуендейтін кезі жақын. Апа-аталарымыз үшін «шайтан арба» атанып кеткен осы велосипед бүгінгі таңда түрлі өзгеріске еніп, жаңаланып жатыр. Мысалы, арқаңызға іліп алып жүруге болатын велосипед туралы естіңіз бе? Ендеше, жиналатын велосипед туралы біле жүріңіздер.

Инженерлік факультеттің студенті италиялық Джанлука Сада (Gianluca Sada) жиналатын ыңғайлы велосипедтің үлгісін жасаған. Бұл тек бір ғана ерекшелігі. Джанлуканың өнертабысы жинақталса, велосипед қолшатырдың көлеміндей ғана болады.

Оған қоса велосипедтің тегершігі сым шабақсыз (спицсіз) жасалған. Джанлука өзінің туындысын Sada Collapsible Bike деп атапты. Оның айтуынша, бұл велосипед қалада жүруге ыңғайлы әрі жинақы.

Бұл велосипед тегершігінің көлемі 26 дюйм (650 мм). Сымсыз тегершіктің арқасында, велосипед өзге шайтанарбаға қарағанда әлдеқайда жеңіл екен. 

Жеңіл болатын себебі, корпусы алюминді қоспадан жасалған. Тіпті, жиналмалы қолшатыр көлеміндей велосипедті көтеріп жүруге ыңғайлы арнайы сөмкесі де бар.

Джанлука өз велосипедін бүгінгі таңда ең қажетті өнертабыс деп есептейді. Сөз басында айтылғандай, бұл тек бір-ақ үлгісі ғана. Алдағы уақытта таралымын көбейтіп, сатылымға шығаратын ойы бар.

Сурет: vk.com

Е. Жұмабайұлы