Google ғарышты игеруге бет бұрды

Google ғарышты игеруге бет бұрды

Google компаниясы Fidelity еншілес қорымен біріге жеке зымыранын құрастыру үшін SpaceX аэроғарыштық компаниясына $1 миллиард инвестиция салды. Ғаламтор алыбы Элон Масктың ғарыштағы жасанды серіктердің көмегімен интернет бағасын арзандату идеясына қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы The Wall Street Journal газеті жазады.

Біршама уақыт бұрын SpaceX бас директоры Элон Маск әлемнің ортақ коммуникациялық жүйесін құратыны туралы хабарлаған болатын. Оның есебі бойынша, жобаға 5 жыл және 10 миллиард АҚШ доллары қажет болмақ.

Google-дің жоспары да соған сәйкес келеді. Компания әлемнің ғаламтор бармаған нүктелеріне байланыс құралдарын жеткізу мақсатымен бөліскен. Бұл Google қызметтерін пайдаланушылар қатарының көбеюіне ықпал болатыны анық.

«Ғаламторға кіру мүмкіндігі адам баласының өмірін жақсартады. Қазіргі кезде әлемнің үштен екі бөлігі интернетке кіре алмайды. Сол себепті біз Project Loon жобасынан бастап Titan Aerospace модуліне дейінгі жаңа технолгияларға көп көңіл бөліп келеміз», - дейді Google компаниясының өкілі.

Google өткен жылы ұшқышсыз ұшатын ұшақтар мен зымырандардың құрылымын игеру мақсатында әуе шарларын тәжірибеден өткізе бастаған. 2013 жылы компания әуе шарларының көмегімен ғаламторға қол жеткізу идеясын жүзеге асыратын Project Loon жобасын бастаған. Кейіннен Google ғарышты игеру саласында еңбек етіп келген Titan Aerospace және Skybox Imaging компанияларын сатып алады. Сергей Бриннің айтуынша, бұл екі компания да Google-ға табыс алып келеді.

Titan Aerospace ұшақтары күн энергиясымен қамданып, 5 жыл бойы жерге қонбай ұшып жүре алады. Компания осы тектес аппараттарды «атмосфераның зымырандары» деп атады. Бұл ғарыштағы жер серіктерін ұшыруға қарағанда әлдеқайда арзанға түспек. Ал Skybox темір серіктері телефон кітапшасы көлеміндей болып, 100-ватты лампаның энергиясын жұмсайды.

Әйткенмен де, Google технологиясы мен SpaceX жетістіктерін жұмылдырғанның өзінде де Масктің идеясы бірталай проблемаларға тап болуы ықтимал. Оның алғышарттары кейін мәлім болмақ.

Google мен Fidelity қоры SpaceX акцияларының 10%-ына ие болып отыр. Сәйкесінше Элон Маск компаниясының жалпы капиталы 10 миллиард АҚШ долларына бағаланған.

Ғарыштағы жасанды серіктің көмегімен арзан интернетке ие болу Virgin Galactic компаниясының басшысы Ричард Брэнсонның жоспарында да бар.

Сурет: www.wsj.com

Оқи отырыңыз:

Google 2014 жылдың қорытынды ролигін жариялады

Google қызметтерін қолданып үйренейік: Google Drive (I дәріс)

Жүргізушісіз қозғалатын Google кар таныстырылды

Ж. Өрісбай