Blackberry жаңа смартфон шығарды

Blackberry жаңа смартфон шығарды

Ретімен бірнеше видео анонстарын шығарғаннан кейін Blackberry компаниясы өзінің Classic деген атауға ие жаңа смартфонын ресми таныстырды. Аппарат QWERTY пернетақтасының классикалық нұсқасын иемденіп, компанияның соңғы шыққан BlackBerry OS 10 жедел жүйесімен қамданған.

Жуырда ғана таныстырылған Passport моделі секілді жаңа девайстың дисплейі Gorilla Glass айнасымен қорғалған. Сенсорлы экраны 3,5 дюймді диагоналға ие. Негізгі камерасы 8-мегапиксель болып, қосылу тетігі де стандартты түрде сақталған.

Басқа да техникалық мінездемесі былай: 1,5 Ггц жиілікті қамтитын Adreno 2-ядролы процессор, жедел жадысы – 2 Гбайт, ал қосалқы жадысы – 16 Гбайт.

Classic смартфоны BlackBerry OS 10.3.1 жедел жүйесінде жұмыс істейді. Ал канадалық инженерлердің жаңа технологиясымен жасалған смартфон батареясы 22 сағат үздіксіз қолдану мүмкіндігін береді. Бұл BlackBerry Bold моделімен салыстырғанда екі есе мүмкіндікті көрсетеді.

BlackBerry инженерлерінің айтуынша, жаңа өнім компанияның бұрынғы қолданушыларын тартып қана қоймай, классикалық пернетақтаға үйреніп қалған тұтынушылардың назарынан да шет қалмайтын болады. Себебі Classic смартфондарының пернетақтасы QWERTY нұсқасының мобильді аналогы болып табылады.

BlackBerry Classic смартфоны ресми сатылымға шығып үлгермеді. Бірақ жаңа өнімге BlackBerry.com сайты арқылы алдын ала тапсырыс беруге болады. Бағасы – 450 АҚШ долларын құрап отыр. Ал әлемдік нарыққа келесі аптадан шығатын болады.

Сурет: www.digitaltrends.com

Ж. Өрісбай