Қолдың жанасуынсыз қолданылатын тышқан ойлап табылды

Қолдың жанасуынсыз қолданылатын тышқан ойлап табылды

Samsung корпорациясы қолдың жанасуынсыз компьютерлік функцияларды орындай алатын тышқан жасады. Жаңа өнім мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмегі тиетін болады.

Оңтүстіккореялық компания ұсынған компьютелік тышқан смарт-көзілдірік секілді жетілдірілген өнім болып табылады. Барлық функция қолданушының көзі арқылы басқарылады. Бұл мүмкіндігі шектеулі адамдарға тышқан бағытын ауыстыру, суреттерді өзгертіп, ғаламторда жаңа беттерді ашу секілді әрекеттерді жасауға көмектеседі.

Samsung өзінің өнімін 2015 жылы жүздеген мүмкіндігі шектеулі адамға сыйға беруді жоспарлап отыр. Одан бөлек, оңтүстіккореялықтар инвесторлармен кездесіп, осы тектес гаджеттердің жаңа технологиясын таныстыратын болады.

Eyecan+ деген атауға ие болған тышқанның бағасы – 45$. Бұл өзіне ұқсас компьютер бөлшектерімен салыстырғанда әлдеқайда арзан.

Ал Кинки Университетінің (Жапония) өнертапқыштары адамның тынысы арқылы бақыланатын компьютер тышқанын құрастырған. Құрылғы сырт корпусынан темекі түтігіне ұқсайды. Айта кетсек, қолданушы тышқанды аузына салып, жоғары не төменге бағыттау арқылы функцияларды таңдай алады. Ал батырманы басу үшін адамның тынысы жеткілікті болады.

Сурет: www.ubergizmo.com

Ж. Өрісбай