Қытайда "ақылды" велосипед жасалды

Қытайда "ақылды" велосипед жасалды

Қытайдың беделді іздеу қызметі Baidu компаниясы DuBike "ақылды" велосипедін таныстырды. Велосипед тұтынушының денсаулығын бақылай алады.

DuBike осыдан бір ай бұрын таныстырылды, ал толық ақпарат жақында ғана жарияланды. DuBike тау спорты үлгісіндегі шайтанарбаға ұқсайды. Арты жарық диодтарымен көмкерілген. Жаңа велосипедтің бағасы айтылмады. Бірақ, сырт көлбеті мен техникалық мүмкіндіктерін ескерер болсақ, арзан болмайтыны анық.

Смарт-велосипедтегі адамның денсаулығын бақылайтын тетіктер смартфон арқылы басқарылады. Құрастырушылардың айтуынша, DuBike артық салмақтан арылғысы келетіндер үшін жасалыпты.

Велосипедті дауыс арқылы да басқаруға болады. Ол ұқсас құрылғылармен де ақпарат алмаса алады. Ал оның батареясымен смартфонды қуаттап алуға болады.

Қытайдың ақпарат ресурстарына сенер болсақ, DuBike Қытай нарығында ағымдағы жылдың соңына қарай пайда болады. Ал оның экспортқа шығуы туралы ақпарат әзірге  жоқ.

Қытай аймағында Google корпорациясына бәсекелес болып отырған Baidu компаниясының "ақылды" электроникамен айналысып жатқанына біршама уақыт болған. Ол жуырда ғана тағамның сапасын тани алатын смарт-таяқшаларды тәжірибеден өткізген. Сондай-ақ, Baidu Google Glass өнімініне балама болатын BaiduEye смарт-көзілдірігін құрастыру үстінде.

Сурет: www.dubikeracing.com

Ж. Өрісбай