Apple компаниясының тұңғыш сағаты шықты

Apple компаниясының тұңғыш сағаты шықты

Apple компаниясының басшысы Тим Кук Стив Джобстың атақты "One more thing" деген сөзімен Apple Watch сағатын таныстырды деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.

Apple Watch, Apple Watch Sport және Apple Watch Edition деп аталатын сағат нұсқаларының таныстырылымынан олардың тік бұрышты сенсорлы экранды болып шыққанын әрі корпусының металдан жасалғанын көруге болады. Бұл экран адам саусағымен басылған күшке әсер етеді.

Сағаттың бөлек қосымшалары да бар болып шықты. Сонымен қатар, қадағалау құрылғысы арқылы денсаулығыңыздың жағдайын тексеріп тұруға мүмкіндігіңіз бар. Сағаттар арқылы iPhone 6, iPhone 6 Plus, iPhone 5, iPhone 5C және iPhone 5S смартфондарын да басқаруға болады. Тим Куктың айтуынша, смарт-сағаттардың құны 349 АҚШ долларынан басталады. Сағаттар келесі жылдың басында ғана сатылымға түспек.

Смарт-сағаттар MagSafe қызметі арқылы сымсыз қуатталады. Десе де, Тим Кук бұл сағаттың қуатталмай қанша уақыт жұмыс істей алатынын айтпады.

 

Бұдан басқа, компания сағаттың тағы бір нұсқасын ұсынды. Оның көлемі кіші келеді екен. Ал оған қоса қолға тағатын баулардың ондаған түрін көрсетті.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: mk.ru

А. Құлтай