Facebook-тың смартфонын қарсы алыңыз!

Facebook-тың смартфонын қарсы алыңыз!

Марк Цукерберг Facebook-тың ең бірінші смартфонын таныстырды. Қалтафонның аты – First. Презентация АҚШ-тың Калифорния қаласындағы компания штаб-пәтерінде өтті.

Гаджетсүйер қауым болса бұл жаңалықты тағатсыздана күтті. Жасаушылар алып әлеуметтік желі қолданушыларының қызығушылығы мен пайдасына жұмыс істейтін құрылғы болады деп сендірді. Скептиктер мұнда да қырын қалмады, олардың айтуынша дәл осындай қызметі бар смартфондар әлемдік рынокта он жылдан бері бар.

Қазақ тіліне «бірінші» деп аударылатын First смартфонының техникалық мүмкіндіктері – қатты таңғалдыра қоймайды. Төрт дюйм дисплей, екі камера, сыйымдылығы бір гигабайт және Wi-fi қосуға мүмкіндік бар. Мұндай қызметі бар коммуникаторлар бұған дейін де болған. Маңыздысы бренд болғанға ұйқсайды. Себебі бұл смартфон HTC компаниясының жаңа өнімі. Десек те, ресми түрде бұл гаджет Facebook-тың өнімі делінген. Бір артықшылығы, дәл осы әлеуметтік желісінің қолданушыларын қанағаттандыра алатындығында болып отыр. Бастысы – Android платформасындағы бірқатар қосымшалар мен баптаулардың болуы. Желінің толық нұсқасын пайдалана аласыз. Сонымен қатар, Messenger онлайн-чаты да орналасқан.

Статусты жаңарту, жаңа фото шығару немесе check-in жасау әрекетіңізді дисплей қандай да бір басқа бағдарлама ашып тұрса да орындай аласыз (Мәселен, ойын немесе музыкалық ойнатқыш қосылып тұрған сәтте). Бұл үшін аппаратқа Facebook Home қызметі қосылған. Қалаған уақытыңызда әлеуметтік желінің интерфейсін бір ғана «сипаумен» бұғаттан ашуға мүмкіндігіңіз бар. Айта кетерлігі, Facebook Home қызметі көп уақыт өтпей басқа да смартфон түрлеріне қосылмақ екен. Тек қана Android емес, сонымен қатар iOs платформасында да болуы ғажап емес.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: venturebeat.com

А. Құлтай