Мерекеңмен, интернет!

Мерекеңмен, интернет!

Алғашында Интернет күнін белгілеу үшін бірнеше күндер таңдалған болатын, бірақ оның бірі де дәстүрге айналып кете алмады.

Сәуір айының төртінші жұлдызы ғана мұндай мәртебеге ие болды. Бүгін - Халықаралық интернет күні. Дәл осы күні оқушылар мен студенттердің қолдаушысы, 20 томдық «Etymologiae» атты тарихтағы тұңғыш энциклопедияны жасап шығарушы Исидор Севильский қайтыс болған еді. Сондай-ақ, "4.04" деген күн HTTP 404 ("Парақ табылмады" ) қателігіне өте ұқсас келеді.

Халықаралық интернет күні осында отырған бәріміз үшін мереке десек, артық айтқандық емес. Және бұл күннің атап өтіліп келе жатқандығына 11 жылдың жүзі болды. Яғни 2002 жылы ІІ Иоанн Павел Папа санкция бергеннен кейін қолданысқа енгізілді.

Сонымен қатар бүгінгі күн веб-мастер күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Веб-мастер - интернеттің даму нәтижесінде жаңадан пайда болған мамандық. Веб-мастер немесе сайты "жүргізуші" - веб-сайтты дайындаумен айналысатын адам. Бұл ұғым қолданысқа 1992 жылы енгізілген болатын. Өзіңіз де жақсы білесіз, тоқсаныншы жылдардың басында интернет жүйесі енді ғана аяғынан тұрып келе жатқан еді.  Ол кезде веб-мастер веб-дизайнердің, автордың, сайт модераторының, программисттің, жүйелік администратордың, контент-менеджердің, техникалық қызметкердің жұмыстарын қойып атқаратын. Кейіннен интернет қарқынды дамып, бұл мамандық өз алдына бөлініп шықты.

Интернеттің біздің өмірімізде қандай рөлді атқаратындығын айтып жатудың өзі артық.

Ендеше, бәрімізді бір арнаға тоғыстырған интернет "мырзаны" және оны қолданушыларды бүгінгі айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!

 

Суреттер:vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева