Biomask: Күйген бетті қалпына келтіру

Biomask: Күйген бетті қалпына келтіру

Заманауи технологиялар мен медицина қатар дамып келе жатқан салалар. Екеуі де бір-бірімен тығыз байланыста. Заманауи технологиялардың көмегімен дәрігерлер қазіргі таңда көптеген аурулардың алдын алып, адамдардың ауыр аурулардан оңалып кетуіне бар күштерін салуда. Бұдан бұрын біз сіздерді қатерлі ісік  жасушаларын анықтайтын құрылғымен таныстырып өткен едік. Бұл жоғарыда айтылған заманауи технологиялар мен медицинаның бір-бірімен тығыз байланыста екендігінің анық айғағы. Дегенмен, технологиялардың бір орында тұрмайтыны анық. Және де оның айқын көрінісі UT Arlington зерттеушілері Брук әскери медициналық орталықтың хирургтарымен және Солтүстік-Батыс университетінің (Northwestern University) ғалымдарымен бірлесіп жүзеге асырып отырған жаңа BioMask. Бұл жобаны іске асыру үшін ғалымдар мен дәрігерлер бар күштерін аямай, күндіз-түні еңбектеніп жатыр. Мақсаты хирургия саласына түрлі сенсорлар мен терінің белгілі бір жеріне дәрі-дәрмекті жеткізу механизмдері бар масканы жасау болып табылады. Бұл масканың арқасында адамның бет терісі бірнеше ай уақыт көлемінде қалпына келеді. 

 «Ғажайып» масканың сырты қатты пластикпен қапталып, адамның бет терісінің қалпына келуіне оң ықпалын тигізеді. Масканың астыңғы қабаты терінің қалпына келуі мен індеттің қанға кіріп кетпеуін қадағалап, жазылу процесі туралы ақпаратты дәрігерге жеткізеді. Бұл жүйеде емделу процесін күрт өзгертуге мүмкіндік беретін жүйе қарастырылып, дәрігер керек сәтте дәрі-дәрмектің түрі мен көлемін өзгерте алады.

Ғалымдар мен дәрігерлерден құрылған команда өз жобасын 2017 жылға таман тәмамдамақ. Егер де ғалымдар мен дәрігерлердің бірлескен жобалары жемісті болса, болашақта күйік шалған адамдардың бет терісі немесе басқа да денесінің тері бөлігі қалпына келуі әбден мүмкін.

Сурет: kilx.com