Мөлдір пленка телефонды қуаттандыратын болады

Мөлдір пленка телефонды қуаттандыратын болады

Барселонадағы Mobile World Congress көрмесінде ұялы аппараттарды қуаттандыра алатын мөлдір фотоэлектрлік пленка көпшілікке таныстырылды. Пленка құрылғы жұмысына еш кедергі келтірмей, ұялы телефонның экранына бекітілетін болады. Бағасы бар-болғаны 1 еуро тұратын пленканы француздың Wysips компаниясы жасап шыққан екен. Құрастырушы мамандардың ойынша, дәл осындай пленкамен жабдықталған мобильді құрылғылар осы жылдың аяғында-ақ дүкен сөрелерінен көрініп қалуы мүмкін. 

Wysips компаниясы өкілдерінің айтуынша, жаңа өнім аккумулятордың аяқ астынан өшіп қалу проблемасын біржола шешеді. Телефонды қуаттандыру үшін, оны күн сәулесі бар жерге қойсаңыз болғаны. 10 минут күн сәулесінен қуат алған телефон қуаты 2 минут сөйлесуге жетеді. Ал телефон толық қуат алуы үшін 6 сағат уақыт кетеді екен. 

Компания президенті Людовик Деблоидың сөзінше, осындай пленкасы бар телефондар Африка құрлығы елдерінде үлкен сұранысқа ие болуы мүмкін. Себебі әлемнің осы өңіріндегі 500 миллион адамның телефоны бар болса да, олар электр қуатының аздығынан қиындыққа ұшырайды екен.   


Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: zhelezyaka.com


Б. Қосмағамбет