Алақандағы компьютер

Алақандағы компьютер

Алғашқы компьютерлердің өлшемі үлкен болғаны соншалықты, оларды орналастыру үшін кең бөлме қажет болатын. Алғашқы компьютерлермен біз сізді таныстырған болатынбыз. Бүгінгі әңгімеміз одан да қызық. 

Адам санасына шек бар ма? Қазіргі кезде бүкіл дүниежүзіндегі барлық заманауи құрылғыларды кішірейту өнеркәсіп компанияларының бәйгесіне айналғандай. Бұған дәлел ретінде FXI Technologies компаниясының өнімін назарларыңызға ұсынамыз.

Барселонада өтіп жатқан MWC 2012 (тура осы көрмеде Nokia компаниясы үш жаңа ұялы телефонын халық назарына ұсынған) техно көрмесінде жоғарыда айтылған компания дүниежүзіндегі ең кішкентай "Cotton Candy" атты ARM-компьютерді қалың жұртқа көрсетті.  Алғашында, бұл компьютерді тек фотосуреттерден көруге болатын.

Компьютерді бір көргеннен "флешка" ма деп ойлап қаласың. Иә, шынымен де флеш жадыға ұқсайды екен. "Cotton Candy"-дің ұзындығы 81 мм, салмағы 21 грамм. Бұл титімдей электронды есептеуіш машинаның сипаттамасы қазіргі нетбуктармен бәсекелесе алады. Сонымен бұл компьютер  тактілік жиілігі 1,2 ГГц екіядролы ARM Cortex A9 процессорымен, 1 Гбайт оперативті жады және Mali 400MP бейнежүйесімен жабдықталған.

Микрокомпьютер Wi-Fi, Bluetooth 2.1 (енгізу/шығару құрылғыларын қосу үшін) сымсыз байланыс модульдерімен жабдықталып, жады құрылғылары ретінде MicroSD карталары қолданылады. Машинаның бүйір қырында мониторды қосуға арналған HDMI тіркеуіш пен құрылғыны тоқ көзімен қамтамасыз етуші USB порттар бар. Өндірушілердің сөздеріне сенетін болсақ, құрылғыға Android 4.0 Ice Cream Sandwich операционды жүйесі орнатылмақ, бірақ көрмедегі компьютер Ubuntu Linux негізінде жұмыс істеді.

Өндірушілер бұл компьютерді нарыққа 2011 жылдың аяғында шығаруға уәде берген еді, бірақ бағасы $199 құрылғыға тапсырыс беру енді ғана басталды. Ал "Cotton Candy" ашық саудаға наурыздың ортасына қарай түседі.

Суреттер: 3dnews.ru

Форумда талқылау