Gmail хаты 10 Гбайт көтереді

Gmail хаты 10 Гбайт көтереді

Gmail қолданушылары ендігіде 10 Гбайт салмағы бар хат жіберіп, қабылдай алады.

Google компаниясы бұл қызметті Google Drive бетінде аккаунттан шықпай-ақ орындауға болатындай етіп жасаған.  

Ал бастапқы кезде Gmail арқылы қолданушылар бұдан 400 есе аз салмағы бар затты ғана қыстырып, жіберетін болған. Десек те, батпан құйрықтың құны бар екен. Себебі компания 5 Гбайттан артылған видео, сурет, аудиоларды жіберу үшін ақша төлейтін болды. 25 Гбайт ауыр мұрағатыңызды сақтау үшін 370 (2,49 АҚШ доллары) теңге ай сайын төлеуіңіз керек.

Gmail-дің сауда менеджері Фил Шарптың айтуы бойынша, хатқа қыстырылған құжаттарыңыз «бұлт» деп аталатын сақтау бөлімінде болады. Егер ақшасын төлесеңіз, құжатыңызды сақтаудың қарапайым бөліміне ауыстыра аласыз.

Дәл осындай қызметті Microsoft компаниясы да жасауды ұйғарыпты. Келешекте Outlook.com хат алмасу қызметінде де SkyDrive сақтау бөлімі ашылады-мыс. Outlook.com-ның шамасы әзірге 7 Гбайт салмақты көтермек.

Gmail қызметі енді қолданушының жіберген хатының барған-бармағынын анықтайтын болады. Ауыр салмақты құжат жіберу Google-дың бизнес-тұтынушыларына ауадай қажет, деп жазады ZDNet.

Бұл қызмет жақын күндері жаңарған сервисті қолданатындарға берілмек. Gmail – әлемнің интернет кеңістігіндегі ең үлкен хат алмасу қызметі болып табылады. Ал қолданушы саны – 425 миллионға жеткен.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: ria.ru

А. Құлтай