Apple-дің алғашқы компьютері жарты миллион долларға сатылды

Apple-дің алғашқы компьютері жарты миллион долларға сатылды

Apple компаниясының 1976 жылы алғаш шыққан компьютері Германияның Кельн қаласында өткен аукционда 500 мың долларға сатылып кетті, деп хабарлайды РИА Жаңалықтар. 

Apple-1 аталған компьютер компания негізін қалаған Стив Возняк жетекшілігімен жасалған екен. Бастапқыда Apple-1 процессоры 1 мегагерц болса, оперативтік жады бар-жоғы 4 килобитті құраған. Оған қоса оның мониторы, қоректену блогы және жабық корпусы да болмаған. Сол замандағы машина бағасы 500 бен 670 доллар аралығында болған екен. Кейін ол Стив Джобстың жаңа Apple II компьютерінің шығуына себеп болды. Ал 1977 жылдан бастап, Apple II миллиондаған данамен әлемге таралды. 

Аукционға қойылған Apple-1 компьютерінің басқаларына қарағанда басты ерекшелігі, оның әлі күнге дейін бастапқы қалпында сақталып, жұмыс жасап тұруында болып отыр. Атын жарияламауды сұраған сатып алушы компьютер саудасы үшін 400 мың еуроға (515,6 мың доллар) шығындалған екен. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: ua-mac.org

Б. Қосмағамбет