"Қазақстандық пернетақта" желтоқсанда сатыла бастайды

"Қазақстандық пернетақта" желтоқсанда сатыла бастайды

"Қазақстандық пернетақталардың" алғашқы легі желтоқсанның ортасында Қазақстан нарығында сатылымға шығарылады. Бұл туралы Халықаралық ІТ университеттің ректоры Дамир Шыныбеков айтып берді. 

BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында ректор: "Желтоқсанның ортасына дейін бізге алғашқы 1000 дана пернетақта әкелінеді. Бірінші пайдаланушылар ІТ Университеттің студенттері мен қызметкерлері болмақ. Бізге сынақ тәртібінде жұмыс жасау үшін 300 құрылғы беріледі. Сондай-ақ жаңа пернетақтаны Алматы мен Астананың төрт мектебінде пайдалану жоспарлануда, ал қалғанын «Логиком» желісі арқылы бөлшектеп сату жүзеге асырылады", - деді. 

Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің 3 курсында оқитын екі студент қазақстандық пернетақтаның жобасын жасап, құрылғыға патент алғандығын айтқан болатынбыз.

ывЕрғали Адамбаев пен Диас Жүнісбеков

Ерғали Адамбаев пен Диас Жүнісбековтың ойлап тапқан пернетақтасының көмегімен тілдерді ауыстырмай орыс және қазақ қаріптерімен бір уақытта мәтінді теруге болады. Құрылғыға "ұлттық пернетақта" деген атауды берген жоба авторларының пайымдауынша, отандық өнім мәтін теру жылдамдығын мейлінше көбейтуге мүмкіндік береді. "Бізге бұл жобаны жүзеге асыру идеясы өткен жылдың қараша айында келген болатын. Біздер көптеген нұсқаларды қарастырып, ішінен ең тиімдісін таңдаған болатынбыз. Ақырында біздің мұғаліміміздің көмегі арқасында, пернетақтаға қосымша жетіспейтін әріптерді қосу шешімі қабылданды",- деді Жүнісбеков өз сөзінде.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: Массагет.кз мұрағатынан