Британдық инженерлер әлемдегі ең көне компьютерді жөндеп шығарды

Британдық инженерлер әлемдегі ең көне компьютерді жөндеп шығарды

Британдық инженерлер Роджер Холмс пен Род Браун әлемдегі ең көне, ең алғаш, ең үлкен компьютерлердің бірін жөндеп шығарды.

Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын шығарылған "Флосси" ЭЕМ-ін жөндеуге тоғыз жыл уақыт кеткен. Компьютерді 1962 жылы Лондон университеті 400 мың долларға сатып алған екен. Машина уақытында өз жұмысын атқарып, одан соң істен шыққан. Кейін ол бірнеше адамның қолына өтіп келген. 

Холмс пен Браун машинаны түгелдей жаңартып, бар-жоғын түгендеп, жадын да үлкейткен. Ол қазір 12 килобайтты құрап отыр. Бұл сол кездегі көрсеткішпен салыстырғанда, үлкен жетістік болған болар еді. Енді жаңа кейіпке енген "Флосси" өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай, қателіксіз орындап тұр. 

Құрастырушы ғалымдардың бірі Роджер Холмс: "Бұл керемет тарихи артефакт. Тіпті оны қазіргі заман зерттеулеріне де қолдануға болады. Сонымен бірге, 1960 жылдардағы ЭЕМ қандай түрде болғанын және қалай жұмыс жасағанын көпшілікке көрсетуге тамаша мүмкіндік туып отыр. Көп адамдар сол заманның компьютерлері мұншалықты үлкен болғанын тіпті білмейтін болып шықты. Осындай себептерге байланысты машинаның әрі қарай да үздіксіз жұмыс жасай беруі біз үшін маңызды", - деді.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: news.ukrhome.net, roosich.livejournal.com

Б. Қосмағамбет