Роботтар көшеде жүрмек

Роботтар көшеде жүрмек

1987 жылы көгілдір экранға шыққан ғылыми-фантастикалық "RoboCop" ("Робокоп") фильміндегі робот-тәртіп сақшысы жақын арада мегаполис көшелерінде пайда болуы мүмкін. Флорида университетінің ғалымдары қашықтан басқарылатын осындай роботты құрастырып шығару жұмыстарымен айналысып жатыр.

Бұл жобалау жұмысына АҚШ әскери-теңіз флотының мамандары да қатысуда. Бұл жобаның мақсаты - мүмкіндігі шектеулі тәртіп сақшылары басқара алатындай робот жасап шығару болып отыр. Қазіргі замандағы барлық өндірісте және күнделікті өмірде роботтардың рөлі артып келе жатырғанын ескерсек, бұл "тәртіп сақшысын" да болашақта көшелерден көріп қалып жатсақ, таң қала қоймаспыз.

Ғалымдар робот-тәртіп сақшысы парковка талондарын беру және 911 құтқару қызметінің қоңырауларына жауап беру мен оған сай әрекет ету сияқты қызметтерді жасауы мүмкін деп топшылап отыр. RoboCop-тың нақты қандай кейіпте болатыны әзірге белгісіз. 

Бірақ, АҚШ әскери-теңіз күштері өкілінің айтуы бойынша, адамдар бұйрыққа бірден бағынуы үшін роботтың сыртқы түрі полиция қызметкеріне ұқсас болуы керек. Шын мәнінде, сіз роботқа емес, оны басқарушы полицияға бағынған боласыз. Бұл тапсырмалардың орындалуы өте күрделі болғанымен, зерттеушілер өз жобаларының нақты шешімін тауып, халық игілігіне пайдаланатынына сенімді.

сурет: markonmedia.com

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Б. Қосмағамбет