Қазақстан интернет қолданудан Қытайдан асып түсті

Қазақстан интернет қолданудан Қытайдан асып түсті

Қазақстан World Wide Web Foundation ұйымының жасап шыққан Веб-индекс рейтингісінде 28-орынға тұрақтады. Веб-индекс - интернеттің халық санасына, олардың іс-әрекетіне әсер ету коэффициентін анықтайтын тұңғыш рейтинг. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі thewebindex.org сайтына сілтеме жасай отырып хабарлады.

Тізімге 61 дамыған және дамушы мемлекет кірген. Рейтингті құрастырушылар ғаламтор желісінің халыққа саяси, экономикалық, әлеуметтік әсерін есепке алғандықтарын айтты. Сонымен қатар, интернет қолданушыларының саны да еленген.

Әлем тарихындағы ең алғаш Веб-индекс (Web Index) осы аптада Лондонда жария болды. Зерттеу жұмысының салтанатты презентациясына әлемдік WWW торының негізін қалаған британдық Тим Бернерс-Ли қатысты. World Wide Web Foundation қорының да негізін қалаушы осы кісі.

Қор өкілдерінің айтуынша, зерттеу жұмыстары кезінде әлемдік ғаламтордың техникалық тұсы емес, ең алдымен "гуманитарлық орта" есепке алынды. 

Жеті компонент бойынша есептелген зерттеу жұмысына Бүкіләлемдік банк, Бүкіләлемдік экономикалық форум, Freedom House және "Репортеры без границ" ұйымы, халықаралық электр байланысы одағы, сонымен қатар, Wikimedia қорының мәліметтері пайдаланылған.

Нәтижесінде әлемдік үштікке сәйкесінше Швеция, АҚШ, Ұлыбритания кірген. Тізімнің соңына Буркина-Фасо, Зимбабве және Йемен мемлекеттері орналасыпты. Қазақстан Түркия мен Қытайдың арасынан табылып, 28-орыннан көрінді. Көрші Ресей 31-шы орынға тұрақтады.

Авторлар Веб-индексті жыл сайын жариялап отырмақ. Болашақта зерттелетін елдердің санын ең аз дегенде 100-ге жеткізу ойда бар екендігі де айтылды.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: strana-sovetov.com