FIFA 12 ойыны

FIFA 12 ойыны

Бұл ойында теңбіл доп пен ойыншы бір механизм секілді жұмыс істейді. Ойыншы допты басқарып қана қоймай, оны қай сәтте қақпаға қарай бағыттауды біліп, айналадағы қауіп-қатердің төніп тұрғанын сезуі қажет. Допты өз иелігіңде көп ұстай берудің де пайдасы көп емес, сондықтан, сәтті кезек туындағанда допты әріптесіңе, не болмаса, қақпаға дәл бағыттағаның дұрыс. Ал енді ойын алаңына шығып, бар күшіңді сал.

Аты аңызға айналған ойынның кезекті бөлімі шыққан сайын компьютер әуесқойлары ойынның түбегейлі өзгермегеніне әбден дағдыланып алған. Ағымдағы бөлімнің графикасы жақсы деңгейде екенін байқауға болады. Ал, геймплейдің жетілдіруіне компания 18 жыл уақыт тер төгіп келеді. Әрине, ойын деңгейін бір баспалдаққа көтеретін идеялар жоқ емес. Бұл ойын тарихында айтулы оқиғалардың орын алғаны рас, бірақ ол 5 жыл ішінде бір рет қана болады.

«Бұл ойыннан не күту керек?» деген сұрақ көптеген ойыншыларды толғандыратыны рас. Ойын алаңында бапкерлердің отыратын кабинкасы пайда болып, жобаға өзінше бір реалистік белгі енгізіп тұр. Ойын өндірушілердің аянбай тер төгуінің арқасында, «FIFA 12» мәзірлер тақтасы бұрынғысынан да ыңғайлы болып, ойыншының мәзірлер жүйесінде шатасып кетуіне жол бермейді.

Ал енді басты жаңалықтарға назар аударсақ. Футболшылардың өздерін алаңда ұстау тәртібінің бұзылғанын олардың балағат сөздерді жиі қолдануынан-ақ байқайсың. Бұрын болған шикіліктерді ескерген компания жобаны жүзеге асыруда үлкен өзгерістерге барған. Мысалы, енді доп траекториясын өз қалауыңыз бойынша өзгерте аласыз. Барлығы тек сіздің қалауыңызға ғана емес, таңдаған футболшының шеберлігіне де тәуелді. Егер сіздің таңдауыңыз жас әрі шеберлігі төмен футболшыға түссе, әдемі пас пен гол туралы ұмытсаңыз болады. Жоғарыда айтылған жаңартулардың тізіміне «әріптесіңе пас» - деп аталатын жаңа функцияны қосып қойыңыз. Бұл жайлы атап кетуді жөн көрдік. Бұл параметрі дами қоймаған футболшы кімге пас берем деп кідіріп қалады. Ал, бұл көрсеткіші дамыған футболшының пас беру шеберлігі таңғалдырарлық. 

Ең қызығы -  енді барлық ойын «Impact Engine» деп аталатын қозғалтқыштың жұмысына негізделеді. Бұл барлық физикалық процесс жаңаша жұмыс істейді деген сөз. Енді ойыншылардың жүріс-тұрысы, доптың ұшу траекториясы және басқа да физикалық қозғалыстар шындыққа ұқсас болып көрінеді. Назарыңызды футболшылардың қақтығыстарына аударсаңыз. Өйткені, физикалық қозғалтқыштың барлық артықшылығын сонда ғана байқайсыз. Бұрын бұл алдын ала дайындалған анимациялар болса, жаңа ойында бұның бәрі қайта қарастырылған. Енді физикалық қозғалтқыш ойыншылардың бойын, түрін, салмақтарын ескеріп, әрбір оқиғаны жеке қарастыратын болады.

Футболшылар жай ғана қақтығысып қойып, тұра салмайды. Біреуі екіншінің аяғын шалса, ол өмір бойы ұмытылмайтындай етіп ұшып, жерге қонған кезде міндетті түрде жарақат алады. Ұшудың әсері футболшының жадында кем дегенде бір кездесуге сақталатыны сөзсіз. Жараланған футболшы ойын барысында ақсаңдап, ауру жерін уқалай беретіні өте қызық. Егер футболшының жараланған жеріне қарсыластың бәтеңкесі  қайта тисе, ол ойыншы ыңырсып, жылап жіберуі, тіпті ойыннан шығып кетуі де мүмкін.

Бұл ойын алдыңғы бөлімдерінен айтарлықтай ерекшеленбегенімен, ойын графикасы біршама жақсарып, қызықты элементтер енгізіліп, көзге көрініп тұрған кемшіліктер жойылған.

Сурет lanzone.info сайтынан алынған