iPhone 5-тің сатылымға шығатын уақыты айтылды

iPhone 5-тің сатылымға шығатын уақыты айтылды

Apple жаңа iPhone-ның презентациясының уақытын белгіледі. Сейсенбі күні, яғни кеше компания атынан баспасөз релизі таратылды. Хабарламада ұжым БАҚ өкілдерін 12 қыркүйек күні Сан-Францискоға шақыратындығын айтқан, деп хабарлайды Agence France-Presse.

Айта кетелік, Apple ешқашан өзінің жаңа тауарының шығатын уақытын нақты айтып көрген емес. Бұл жолы да дәл солай. Шақыру тек "It's almost here" ("Ол жақындап қалды") деген тіркес пен 5 санына ұқсас көлеңке түсіріп тұрған 12 санынан тұрады. Осылайша жиынның жаңа iPhone 5-ке арналатындығын ойлап білуге болады.

Бұған дейін интернетте жаңа смартфонның фотосуреттері пайда болып, көпшілік арасында тез таралып кеткен болатын. Ұзын құлақ бойынша, бұл жолғы гаджеттің экраны бұрынғы нұсқаларға қарағанда үлкенірек болады. Әрі жіңішкерек және ұзынырақ болады деп күтілуде.

Сарапшылардың айтуы бойынша, жаңа телефон бұрынғы нұсқаларға қарағанда кеңірек таралып, рекорд орнатады. Көптеген тұтынушылар қазіргі кезде iPhone 5-тің шығуын күтіп, дүкен аралауға асықпай отыр.

Осы оқиғалардың көлеңкесінде Apple компаниясының акциялары үздіксіз өсуде. Қазір компанияның бір акциясы 674,18 долларды құрайды. Мамандардың болжауынша, жаңа iPhone сатылымға шыққаннан кейін компанияның бір акциясының бағасы 900 долларға жетеді.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: winline.ru