Енді аузымызға камера тығу ғана қалды

Енді аузымызға камера тығу ғана қалды

Жақында Сингапурдың инженер-техник мамандары бейнекамерасы бар тіс щеткасын халық назарына ұсынды. Құрастырушылардың пайымдауынша, осы гигиеналық құрылғының көмегімен тісті тазалап қана қоймай, оған қоса кариес пен т.б аурулардың алдын алуға болады. Жаңа құрылғы «тіс сақшысы» деп аталады.

Жоғарыда айтылған құрылғының артқы жағында сапалы бейнекамера орналасқан. Бейнекамерадан келіп түскен сигнал айнаның ішінде орналасқан мониторда кескінделіп, адамға тістері жайлы ақпарат береді. Камера бекітілген фокусталу мен диодты жарықтандырғыш шамымен жабдықталады. Осылайша, сіз жоғарғы тістеріңізді тазалап жатқан кезде, астыңғылардың жағдайын білесіз.

Адам тіс тазалауды бастағанда, щетканың ішінде орнатылған сенсорлы құрылғы қосылады да камера мен жарық шам сол мезетте белсенді тәртіпте жұмыс істеп, бейнені мониторға кескіндейді. Тісті тазалап болғаннан кейін электр энергия қорегін үнемдеу үшін щетка «ұйқы» режиміне көшеді. Бұған қоса құрылғыны қайта-қайта сатып алмас үшін құрастырушылар оны алынып-салынбалы тазалау элементтерімен жабдықтаған. Әзірше мұндай «ақылды» щетка сатылымға шықпады. Бірақ, қазіргі заманауи технологиялардың өте тез дамуын ескеретін болсақ, мұндай құрылғы әр адамның дәретханалық атрибутына айналатын уақыт тым алыс емес деген болжам бар.

Сурет lsharp.org сайтынан алынған